24 Қараша 2026, 17:57 Фото: ©BAQ.KZ/Артем Чурсинов

Қолөнер, жасанды интеллект және 45 жастан кейінгі мансап. UMAI ANA форумында не айтылды?

Астанада оныншы рет өткен UMAI ANA әйелдер форумы еліміздің әр өңірінен 400-ге жуық кәсіпкер мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған әйелдің басын қосты. Форум фойесінде шеберлер өз бұйымдарын таныстырса, залда кәсіпті дамыту, ұзақ үзілістен кейін жұмысқа оралу және жасанды интеллект арқылы клиент тарту жолдары талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қолөнер шеберлері өз өнімдерін таныстырды

Форум аясында «Анамның қолымен жасалған» көрмесі ұйымдастырылды. Сөрелерге ұлттық өрнекпен безендірілген бұйымдар мен түрлі әшекейлер қойылды.

Келушілер оларды жақыннан көріп, шеберлерден қалай жасалғанын сұрай алды.

Кәсібін енді бастаған әйелдер үшін көрме өз өнімін көпшілікке таныстырып, әлеуетті сатып алушылардың пікірін естуге мүмкіндік берді. Шеберлер бір-бірімен танысып, бұйымдарын нарыққа шығару тәжірибесімен бөлісті.

Кәсіпкер әйелдер 2027 жылға қалай жоспар құрды?

Биылғы форум «UMAI әйелінің 2027 жылға арналған өмірлік стратегиясы» тақырыбына арналды. Ұйымдастырушылар қатысушыларға алдағы жылы кәсібін қандай деңгейге жеткізгісі келетінін, сол үшін қандай қадам жасайтынын және жеке өмірінде қандай мақсатқа ұмтылатынын айқындауды ұсынды.

Форумның негізін қалаушы әрі бас ұйымдастырушысы Жамиля Эрназарованың айтуынша, кәсіп иелерін көбіне үш мәселе толғандырады. Олар табысты қалай арттыруға болатынын, төлем мерзімі келгенде кассада қаражат жетпей қалса не істеу керегін және қызметкерлермен жұмысты қалай ұйымдастыруға болатынын білгісі келеді. Форумда түрлі сала мамандары осы мәселелерді шешуде өздері қолданған тәсілдермен бөлісті.

Төрт жыл ішінде қор ұйымдастырған форумдар мен өзге де іс-шаралар 8 мыңға жуық әйелді қамтыды. Қауымдастықта шағын өндіріс ашқан, өз брендін құрған, білім беру, қоғамдық тамақтану және қолөнер салаларында кәсіп жүргізіп жүрген әйелдер бар. Әрқайсысының тәжірибесі әртүрлі. Бір әйел өз ісін енді бастап жүрсе, екіншісі сол жолдан өтіп, білгенімен бөлісе алады. Қорды құрғанда осындай орта қалыптастырғымыз келді. Бүгін тәжірибе жинаған әйел ертең кәсібін енді бастаған адамға бағыт көрсете алады,- деді ол.

45 жастан кейін еңбек нарығына қалай оралуға болады?

Бала күтіміне немесе отбасылық жағдайға байланысты бірнеше жыл жұмыс істемеген маман жинаған тәжірибесін жұмыс берушіге қалай таныстыра алады? Форумда кәсіпкер, MedHub HAQ компаниясының бас директоры Тоғжан Қожалы осы мәселеге тоқталды.

Оның айтуынша, түйіндемеде еңбек өтілімен бірге атқарған жұмыстың нәтижесін де көрсету маңызды. Мәселен, 20 жыл еңбек еткен бухгалтер компанияның қандай мәселесін шешкенін жаза алады. Мұғалім өзі дайындаған олимпиада жеңімпаздарының санын көрсетсе, аспаз әзірлеген мәзірінің тұтынушы сұранысына қалай әсер еткенін түсіндіре алады.

Қожалы 45 жастан кейінгі кәсіби өзгеріске алдын ала дайындалуға болатынын айтты. Бұрынғы қызметіне оралғысы келген маман өз дағдыларын жаңарта алады, ал бағытын ауыстырғысы келген адам жаңа мамандық игере алады.

Жасанды интеллект кәсіпке қалай көмектеседі?

Форумда жасанды интеллект құралдарын клиент тартуға пайдалану жолдары қарастырылды.

Бағдарламада бәсекесі жоғары нарықта бизнесті дамыту, отандық өндіріс, сондай-ақ ана болу мен кәсіби дамуды қатар алып жүру мәселелері де қамтылды.

Форумның ақпараттық серіктесі – «Qazcontent» акционерлік қоғамы.