Қолданыстағы Су кодексіне 20 жылда 272 түзету енгізілді – сарапшы
2003 жылы қабылданған Су кодексіне 20 жылда 272 өзгеріс енгізілді. Су саласының сарапшысы Әмірхан Кеншімов жаңа Су кодексі жобасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оның сөзіңше, қолданыстағы кодексте көптеген нормалар декларативті, кей нормалар қайталанады және логикалық тұрғыда сәйкес келмейтін тұстары бар.
2003 жылы қабылданған Су кодексі сол кездегі су саясаты мен экономикалық жағдайды назарға ала отырып жасалды. Сол себепті климаттық өзгерістер орын алып жатқан қазіргі заман сұранысына сай емес. Жаңа редакцияда кодекс нормалары жүйеленіп, су ресурстарын үнемдеуге және оны қорғауға басымдық беріледі. Мәселен, бассейндік инспекцияларға мемлекеттік бақылау функцияларымен қатар тергеу функциялары да беріліп отыр. Бұл суды заңсыз пайдаланушылармен күресті күшейтуге мүмкіндік береді,-деді инженер-гидротехник Әмірхан Кеншімов.
Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген жаңа Су кодексінің жобасын Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда бірауыздан мақұлдады. Құжат климаттың өзгеруіне бейімделуге және су үнемдеу принциптерін енгізуге айрықша назар аударады. Алғаш рет су нысандарын сарқылудан және басқа да жағымсыз салдардан қорғайтын «экологиялық ағын» ұғымы енгізіледі.
Сондай-ақ, шағын көлдерді, өзендер мен тоғандарды, мұздықтар мен сулы-батпақты аймақтарды қорғау жөнінде нормалар енгізілді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша кодекс жобасына елді мекендер мен нысандарды тасқын және еріген қар суынан қоғау және алдын алу іс-шаралары енгізілді.
Су ресурстарын басқарудағы үйлестіруді жақсарту үшін мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, жергілікті уәкілетті органдардың құзыреттері айқындалды.