Қырғызстаннан елімізге қолдан жасалған 1000-ға жуық пышақ өткізбек болған ресейлік ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі шекарада болған бірқатар заңсыз іс-әрекеттердің әшкереленгенін хабарлады.

«Мерке тексеріп-өткізу пункітінің «Айша бибі» бөлімшесінде шекарашылар Қырғыз Республикасынан елімізге қарай «Даф» жүк көлігімен келе жатқан 1967 жылғы ресейлікті ұстады. Бұл азаматты ұстауға себеп болған – автокөлік тіркемесіндегі қаптар, дәлірек айтқанда қаптардың ішіндегі қолдан жасалған ұзын саны 1000-ға жуық пышақ. Ұсталған азамат жүгімен Жамбыл аудандық полиция бөліміне тапсырылды», - делінген хабарламада.

Шекара қызметкерлерінің мәліметінше, Қордай шекара отрядына қарасты «Қарасу» заставасының аумағында шекара наряды өткен түнде өздерінен 150 метрдей қашықтықта бейтаныс екі адамның жасырынып, шекараның арғы жағын барлай қарап тұрғанын байқап қалған.

«Лезде заставаға хабар беріліп, жеке құрам көтеріліп, қаруландырылды. Бейтаныс адамдар байқалған жерге шұғыл түрде келіп жеткен дабыл тобы 39 жастағы әйел мен 19 жастағы бойжеткенді (екеуі де Қырғыз Республикасының азаматтары) ұстады. Тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады ҰҚК Шекара қызметінде.

Сондай-ақ, Қорғас шекаралық бақылау отрядының «Халықаралық шекара бойы ынтымақтастығы орталығы» бөлімшесінің шекара наряды Орталық аумағына 13 дана бұғы мүйіздерінің кесінділерін алып кірмек болған 50 жастағы қазақстандықты ұстады. Тәркіленген тауар актімен «Алтынкөл» кеден бекетінің қызметкерлеріне тапсырылды. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы