Қолайсыз пандустарға жол жоқ: Елімізде "әлеуметтік инспекторлар" пайда болады
Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Негізі бүгінге дейін тексерістер жүргізіліп отырған, бірақ ондай статус болған жоқ. Сондықтан егер мүгедек бір мекемеге кіре алмаса немесе кіргеннің өзінде дәретханасы, қызмет көрсететін орындары стандарттарға сәйкес келмесе, еліміздің 20 өңірінің барлығында бар, министрліктің мемлекеттік департтаменттер ішіндегі мекемелерді тексеретін бөлімдеріне арыздануға болады, - деді ол.
Комитет төрағасы тікелей министрлікке де арыздануға болатынын жеткізді. Кейіннен министрлік жергілікті департаменттерге тапсырма беріп, мекемені тексеріп, жағдайын дұрыстауға септеседі.
Мекемелерге арызданса және ондағы жағдайлар дұрыс болмаса, біз шара қолданып, нұсқама береміз. Нұсқаманы орындамаса, айыппұл салып, айыппұлды елемесе, тіпті сотқа дейін беретін жағдай бар, - деді Оспанқұлов.
Айта кетейік, жергілікті атқарушы органдар ұлттық стандарттарға сәйкес елді мекендерді жобалау және салу кезінде мүгедектігі бар адамдардың тұрғын, қоғамдық және өндірістік ғимараттарға, құрылыстар мен үй-жайларға қолжетімділігін қамтамасыз етуге тиіс.
Мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктерінің өкілдерін салынып жатқан объектілер мен кешендердің мониторингіне қатысуға тартуға тиіс, – деді Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.