Қоғамның сайлауға көзқарасы: Жаңа зерттеу нәтижелері жарияланды
Зерттеу қорытындылары қазақстандықтардың мемлекеттік институттарға деген сенімі мен қоғамдағы бірліктің жоғары деңгейде сақталып отырғанын көрсетті.
Қазақстандық қоғамдық даму институтының ұйымдастыруымен Sarap сарапшылар клубының «2026 жылғы электоралдық ландшафт және сайлау тенденциялары: қоғам не күтеді?» тақырыбындағы кезекті отырысы өтті.
Жиынға сарапшылар қауымдастығының өкілдері, ғалымдар, ғылыми-зерттеу институттары мен талдау орталықтарының басшылары қатысты.
Кездесу барысында жаңа Конституция жағдайындағы Құрылтай сайлауына қатысты қоғамдық пікір, саяси партиялардың қоғамдық-саяси үдерістердегі рөлінің артуы және азаматтардың сайлау науқандарына белсенді қатысуын ынталандыру мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ іс-шарада Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген «2026 жылдың II тоқсанындағы қоғамдық-саяси ахуал» және «Қазақстандықтардың саяси бағдарлары» атты зерттеулердің нәтижелері таныстырылды.
Зерттеу қорытындылары қазақстандықтардың мемлекеттік институттарға деген сенімі мен қоғамдағы бірліктің жоғары деңгейде сақталып отырғанын көрсетті. Сонымен қатар, сауалнама нәтижелері алдағы сайлау науқанына қатысты азаматтардың оң көзқарасы қалыптасқанын аңғартты.