Қоғамға қажет маман иесі
BAQ.KZ тілшісі сұхбаттасқан жас шебер Дулат Күмісбекұлы Болтаевтың еңбегі ерекше. Әрі механик, әрі инженер, әрі техник Дулат аз-кем әңгімеде өзінің үлкен армандарын айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Жұмысшы мамандық – елдің тірегі, ал еңбек – оның қозғаушы күші. 2025 жыл – еліміздің еңбек тарихында ерекше мәнге ие. Мемлекетіміз 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, халық игілігіне қалтқысыз қызмет етіп жүрген еңбек адамдарының еңбегіне лайықты құрмет көрсетті. Бұл шешім – маңдай термен табыс тауып, ел дамуына үлес қосып жүрген жандардың мәртебесін биіктетіп, жастардың бойында адал еңбекке деген құрметті қалыптастыруға бағытталған. Осы орайда Жамбыл облысы, Жамбыл ауданына қарасты Аса ауылында тұратын жас шебер Дулат Күмісбекұлы Болтаевтың еңбек жолы көпке үлгі боларлық. Ол – тек көлік жөндейтін механик емес, өз кәсібі арқылы ауыл тұрғындарының тұрмысын жеңілдетіп, еңбекке деген сүйіспеншілікті жастар арасында насихаттап жүрген азамат.
Қарапайым еңбек – кез келген табыстың бастауы. Маңдай термен келген жетістік қашанда берекелі болады. Жұмысшы мамандық – қажетті, әрі құрметті кәсіп. Еңбектен қашпасаң, өмір сені ерте ме, кеш пе бағалайды, – дейді Дулат Болтаев.
Кәсіптің кілті – ниет пен табандылықта. Дулаттың еңбек жолы өзгелерден ерекшеленбейді. Ол да қарапайым ауыл баласы ретінде ес біліп, ержеткен соң еңбек етуді, шеберлікті таңдады. 2010 жылы көршісінің шағын шеберханасында алғаш рет қолына кілт алып, көлік жөндеу ісінің қыр-сырына үңілді. Әуелде май ауыстыру, дөңгелек ауыстыру сияқты қарапайым қызметтермен айналысқан жас жігіт бұл саланы шын мәнінде сүйіп, одан әрі тереңдете бастайды.
Алматы мен Астана қалаларында жүріп, түрлі сервистерде еңбек еттім. Көп нәрсені үйрендім. Бірақ менің мақсатым – туған ауылымда өз ісімді ашу болатын. Себебі, ауылда жақсы маман жетіспейді. Ал жақсы жұмысшы – кез келген қоғамға қажет маман, – дейді ол.
Ол табандылықпен үйреніп, әр көлікті жөндеген сайын тәжірибе жинап отырды. Ізденістен жалықпай, әрбір ақаудың түп-төркінін түсінуге тырысты. Уақыт өте келе, ауылға оралып, өзінің шағын техникалық жөндеу орталығын ашты. Бұл – оның арманына бір табан жақындаған сәті еді. Бүгінде қажетті кәсіп иесі халықтың да алғысына бөленген. Дулаттың шеберханасы бүгінде ауыл тұрғындары үшін таптырмас орынға айналды. Қысы-жазы тоқтамайтын көлік ағыны, күнделікті тұрмыста қажет техниканың сан түрлі мәселелері – бәрі осы шеберхананың есігін аштырады.
Кейде таңнан кешке дейін тыным болмайды. Бірақ мен бұған еш ренжімеймін. Себебі, бұл – халықтың маған деген сенімі. Бір шеге қағып бергенің үшін де алғыс айтатын ауыл адамдарының ниеті маған күш береді, – дейді жас шебер.
Оның қолынан өткен әрбір көлік – адал еңбектің белгісі. Шеберханадағы әр құрал – табандылықпен келген тәжірибенің нәтижесі. Ал ауылда туып-өскен жастар үшін Дулаттың өзі үлгі-ақ.
Айта кеткен жөн, Қостанай қаласында өткен республикалық техникалық шығармашылық жарысында Дулат Болтаев жастардың бойына сенім ұялатқан ісімен тағы бір мәрте көзге түсті. Бұл дода – болашақ инженерлер мен техник мамандардың шеберлігі мен шығармашылығын сынға салған ерекше алаң болды.
Дулат жарысқа қатысып, жасөспірімдерге бағыт-бағдар беріп, тәжірибесімен бөлісті. Оның айтуынша, мұндай алаңдар жұмысшы мамандықтарды дәріптеу үшін ауадай қажет.
Жастардың қолынан келмейтін іс жоқ. Бірақ оларға қолдау, бағыт және сенім керек. Әр балада ерекше қабілет бар. Тек соны аша білуіміз қажет. Жұмысшы болу – артта қалу емес, керісінше қоғамға пайда әкелу, – дейді ол.
Қазіргі таңда Дулат Болтаев шеберханасымен шектеліп қалмай, кәсібін кеңейтуге бел буып отыр. Алдағы жоспарында – автодүкен мен көлік жуу орталығын ашу ниеті бар. Бұл тек оның кәсібінің дамуы ғана емес, ауылда жаңа жұмыс орындарының пайда болуына да септігін тигізбек.
Менің мақсатым – ауыл жастарына мүмкіндік жасау. Бір адам – бір отбасыны асырайды. Сондықтан бір жұмыс орны – бір өмірге үміт. Ауылдан ешкім кетпей, осында еңбек етсе, ел дамиды, – дейді ол.
"Адал еңбек – әр адамның ең үлкен байлығы" – бұл сөз бүгінгі күні ел ішінде жүрген Дулат секілді жас кәсіпкерлердің өмірлік ұстанымына айналған. Ол үшін әрбір жөнделген көлік, әрбір алғыс – жаңа белестің бастауы. Жұмысшы мамандық – тек кәсіп емес, елге қызмет етудің үлгісі. Бүгінде Дулат секілді азаматтардың арқасында ауыл тынысы кеңейіп, еңбекке деген көзқарас өзгере бастады.
Бұл Мемлекет басшысының еңбек адамына деген қолдауының нақты жемісі. Жұмысшы мамандықтың беделі артып, жастардың бұл салаға бет бұруы – үлкен жетістік.
Қай істі де жүрекпен істеңдер. Сонда ғана оның берекесін көресіңдер», – дейді кәсіп иесі. Бұл сөз – жастарға айтылған ақыл емес, өмірден алынған шындық.
Дулат Болтаев – ауылдың қарапайым жігіті. Бірақ оның қолынан туған іс, жүрегімен істеген еңбегі бүгінде тұтас бір өңірге үлгі. Қарапайым еңбекпен үлкен абыройға жетуге болатынын дәлелдеген азаматтардың бірі. Ал мұндай адамдар – елдің болашағын қалыптастыратын нағыз батырлар.2025 жыл еліміздің еңбек тарихында ерекше орын алады. Сол жылы Мемлекет Ұлы Жобаларды жүзеге асыруда «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланып, мамандықтары үшін сый-құрмет артқан, еңбек иелерінің мәртебесі биіктеген жыл болды. Халық игілігіне қызмет етіп жүрген қарапайым еңбек адамдарының еңбегі бағаланып, жастар арасында еңбекке деген құрметті қалыптастыруға ерекше мән берілді. Ал нағыз жұмысшы маман иесінің күнделікті жұмысы ауыр, бірақ Дулат үшін бұл – тек табыс көзі ғана емес, сенім мен қызмет. Кез келген көлік – оның тәжірибесінің көрсеткіші. Күн шыққаннан кеш батқанша тыным таппай, ауыл тұрмысында қажеттінің бәрін жөндеуге тырысады.
Жасырып-жабатыны жоқ, кейде қиындықтар кезігіп қалады. Қажетті бөлшектерді уақытында табу қиын, технологиялық құрал-саймандар жетпейді. Бірақ ауылдасына, ауылда қызмет етуге деген ниет бәрінен күшті.
Аса ауылдық округінің әкімі Талғат Бөлекбаев Дулат Болтаевтың еңбегін жоғары бағалайды.
Дулат секілді жас мамандар – біздің округке аса қажет. Ол ауылдың қажеттілігін сезініп, сол қажеттілікке нақты жауап беріп жүрген азамат. Ауылда көлік жөндеу орталығы болмаса, адамдар көрші қалаларға немесе шалғайдағы сервистерге баруға мәжбүр болатын. Бұл уақытты, ақшаны жоғалту ғана емес, еңбекке деген сенімді тежеу. Дулаттың шеберханасы – ауылдың әлеуметтік және экономикалық өміріне серпін беріп отыр, - дейді.
Әкімнің айтуынша, ауылдық жерлерде жұмысшы мамандықтардың дамуы – көптеген проблеманың шешімін табуының негізгі шарттарының бірі. Жұмыс орындарының пайда болуы, жастардың ауылдан кетпеуі, ауылдағы тұрмыс сапасының жақсаруы – барлығы осы мамандардың болуы нәтижесінде.
Біз жастарға қолдау көрсетуіміз керек. Мамандықтар курстарын ашу, қажетті құралдармен қамтамасыз ету сияқты іс-шаралар ұйымдастыру – басты міндет, – деді Талғат Бөлекбаев.
Ауылдасы, достары, көршілері – бәрі де оның еңбегіне риза. Солардың бірі Алихан Тапжанов:
Баламыздың кәсіпке деген талпынысы таң қалдырады. Мен алғаш келгенде, Дулаттың шеберханасын көріп, қуанып кеттім. Көлігімде дыбыс пайда болған еді, келдім. Бір сағатта табанды түрде іздеп, жөндеп берді. Қызметі сапалы, әрі баға да орынды. Жұмысшы маман болу оңай емес, бірақ Дулат сондай маман. Қазір ауылда осындай шебердің бар болуы – үлкен байлық, - деп айтты.
Алихан ағаның ойынша, Дулаттың жұмыс істей бастауы ауылдағы жастардың ойы-көзқарасын өзгертті.
Ескіде тек мекемеге барып, жұмыс істеймін деген түсінік басым болатын. Қазір ауыл жастары арасында өзім істесем, өзім ашсам деген ойлар көбейді. Дулат – сол бағыттың бастаушысы.
Жас кәсіпкердің алдағы жоспары да ауқымды. Ол автодүкен ашу арқылы қажетті бөлшектер мен қосалқы бөлшектерді жергілікті сатып алушыларға тікелей ұсынуды көздейді. көлік жуу орталығын аша отырып, көлікті жөндетумен қатар тазалығына мән берсем дейді.
Менің мақсатым – ауыл жастарына мүмкіндік жасау. Бір адам – бір отбасыны асырайды. Сондықтан бір жұмыс орны – бір өмірге үміт, – дейді Дулат.
Бұл жоспарлар жүзеге асса, ауылда жаңа жұмыс орындары пайда болады, жастардың ауылда қалуы мүмкіндігі артады, ауылдың экономикасы жандана түседі. Түйіндей келе, бүгінгі кейіпкер секілді азаматтар – қоғамның алғысы бөленетін қайраткерлер. Олар қарапайым еңбек арқылы үлкен абыройға жетуге болатынын дәлелдейді. Жұмысшы мамандық – жай ғана кәсіп емес, қоғамға қызмет, елге адалдық, жаңылмай тер төгу.
Еңбек – баршады біріктіретін күш. Аса ауылындағы әрбір көліктің жөндеуі, әрбір жұмыс орны – еліміздің көркеюіне қосылған қомақты үлес. Қарапайым еңбек адамдарының өмірі – басылым беттеріне шығатын батырлар туралы әңгімеден кем емес.