Қоғамға пайдалы стартап жобаларды қолға алғым келеді – шығыстанушы Сана Тайпанова

Тәуелсіз еліміздің жастары әлемнің түкпірінде білім алып, кәсіби жолын шыңдап жүр. Олардың арасында қайсар қыз, батыл ана, кәсіпкер әйел, шығыстанушы Сана Тайпанова да бар. Бүгін назарыңызға Санамен сұхбатымызды ұсынамыз.

Сана, өзіңіз жайлы айтып берсеңіз. Қай өңірдің тумасы, қай саланың маманысыз?

Қазақстанның мұнайлы қаласы Атырауда туып-өстім. 2008 жылы ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын техникалық гимназияны тәмамдап, Алматыдағы Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетіне түстім. Шығыстану мамандығын тәмамдадым. Университет бағдарламасына қызығушылығым жоғары болды. Себебі Шығыс Азия, Таяу Шығыс және Африканың елдері жайлы көп мәлімет алдым. Олардың тілі, мәдениеті, тарихы мен философиясы, діні, экономикасы, саясаты мен халықаралық қатынастағы тәжірибесін зерттедік. Бұдан бөлек менің мамандығыммен бірнеше салада жұмыс істеуге болатынын білдім. Соның ішінде аудармашы, дипломат, өнертанушы, мәдениеттанушы, шығыстанушы болуға болатыны қызықтырды. Ал, өзім қытай тілі, Қытай Халық Республикасының тарихы, саясаты және мәдениетін таңдап, осы бағытта диплом қорғадым. Кейін сол университетте осы мамандықтың магистрі болдым. Грантта оқыдым. Яғни, шығыстанушымын.

Білуімше, кәсібіңіз де бар. Яғни, шығыстанудан бөлек кәсіппен не айналысасыз ғой?

Иә, тұрмыс құрғанмын, отбасым бар. Жолдасым – Берік, ол да Атыраудың тумасы. Екі баланы тәрбиелеп отырмыз. Күйеуім мұнай саласындағы компанияда маркетинг департаментінде қызмет етті. Екеуміздің армандарымыз көп. Әрқашан ізденісті тоқтатпаймыз және түрлі саланы көруден, тәуекел етуден қорықпаймыз. Сол себепті балалы болған кезде қарап отырмай, декретте кәсіп аштым. Еуропа мен Түркиядан әйелдер киімі мен аксессуарларын әкеліп, сәнді киімдер бутиктер желісін жүргіздім. Яғни, декрет кезінде кәсіпкерлікті қоса ала бастадым.

Шығыстануға оралып, академиялық жолыңыздағы тәжірибеңізді бөліссеңіз.

Магистратурада оқып жүргенде Шығыстану кафедрасы меңгерушісінің ассистенті болып жұмыс істедім. Профессордан үйренгенім көп. Мен үшін мықты тәлімгер болды. Жалпы бұл бағытта екі дипломым бар: біреуі қазақстандық, екіншісі қытайлық диплом. Білім берудегі алмасу бағдарламасы арқылы магистратураның 1 семестрін ҚХР Ганьсу провинциясы Ланчжоу университетінде тағылымдамадан өттім. Бұл да мен үшін үлкен тәжірибе болды. Менің академиялық жолымдағы өнімді кезеңдердің бірі десем де болады. Содан кейін отбасымызбен Атырауға көштік. Ол жақта APEC PetroTechnic жоғары колледжінде әлеуметтік әріптестік бойынша аға менеджер болдым. Халықаралық компаниялармен ынтымақтастық құрып, түрлі жобаны іске асырдым.

Бұл салада қандай проблемалар бар?

Кез келген салада мәселе болатыны анық қой. Уақыт өткен сайын жаңа бағыттар пайда болады. Соның бәріне бейімделіп отыруымыз керек. Мәселен, заманауи оқулықтар мен технологияларды арттыруды қалар едім. Шығыс елдеріне студенттерді тағылымдамаға көбірек жіберу керек. Тіпті шығыстанушылар жұмыс іздегенде жалақысы бәсекеге сай жұмыс берушіні таба алмай жатады. Бизнес, дипломатия және мәдени мекемелермен өзара ынтымақтастықты да дамыту керек. Шығыстың тілі мен мәдениетін үйренуге арналған цифрлық платформалар мен онлайн курстар жоқтың қасы. Әрине, бұл – менің жеке ойым. Дегенмен шығыстанудағы осы проблемаларды атап өткім келеді.

Болашаққа жоспарыңыз мен мақсатыңыз қандай?

Дәл қазір Америка Құрама Штаттарына отбасымызбен саяхаттап келдік. Жалпы саяхатты жақсы көретін отбасы ретінде бірнеше елді араладық. Қазір де АҚШ-тың бірқатар штатын араладық. Америка мен үшін – мүмкіндіктер елі. Мұнда келіп жаңа тыныс ашылды. Тіпті соның арқасында ағылшын тілін жетілдіріп, жобаларды басқару бойынша сертификациялаудың онлайн курсын оқып жатырмын.

Алдағы уақытқа жоспарым мен мақсатым айқын. Менің мамандығыма қатысты стартап жобаларды қолға аламын. Онлайн платформа немесе оқу орталығын ашып, шығыстану бағытында бизнес идеяларды іске асырғым келеді. Докторантураға түсіп, Шығыс елдері, оның ішінде ҚХР бойынша ғылыми зерттеуімді жалғастыруды жоспарлап отырмын. Сондықтан жаңа тыныс, жаңа жобалар күтіп тұр. Мамандығымды шыңдап, даму процесімді тоқтатпаймын. Себебі мен өз бағытым бойынша қоғамға пайдалы бола алатыныма сенімдімін.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: кейіпкердің архивінен
Өзгелердің жаңалығы