Қоғамдық жердегі Wi-Fi-ды пайдалану жеке мәліметіңізге жол ашады

Қазір алаяқтар тұрғындарды өз құрығына түсіру үшін түрлі жолды пайдаланып жатады. Олардың схемасы сағат сайын, тіпті секунд сайын алмасып жатады. Өкініштісі сол, қанша ақпараттандыру жұмыстары белсенді жүргізілсе де, қазақстандықтар жиған ақшаларын алдарына салып беріп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Соңғы аптада Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі көшедегі, қоғамдық орындардағы мһ Wi-Fi желісіне кіру де, азаматтарымыз үшін қауіпті екенін айтады.

Дербес деректердің жоғалуы оларды үшінші тұлғалардың заңсыз пайдалануына алып келуі мүмкін. Киберқылмыскерлер банктік шоттар мен жеке ақпаратқа қол жеткізу үшін фишингті қоса алғанда, әртүрлі схемаларды қолданады. Жалпыға қолжетімді Wi-Fi желілері арқылы интернет-банкингке кірмеңіз: олар көбіне қауіпті болуы мүмкін, - деп жазады агенттік хабарламасында.

Расымен, банк қосымшаларына, электронды әмияндарға немесе төлем сервистеріне көпшілік жерде кіру - үлкен қатерге әкелуі мүмкін.

Қоғамдық Wi-Fi қандай қауіп төндіреді?

Біріншіден, қорғаныс деңгейі төмен болады. Көптеген қоғамдық Wi-Fi желілері тиісті шифрлаумен қорғалмайды. Мұндай жағдайда алаяқтар желіге қосылған құрылғылардың трафигін бақылап, сенімді мәліметтерді оңай иемденуі мүмкін.

  • логиндер мен құпиясөздер,
  • банк кабинеттерінің кіру кодтары,
  • жеке хат-хабар,
  • банк картасы деректері.

Екіншіден, сіз көріп отырған желі мүлдем жалған, яғни алаяқтардың кезекті айласы болуы мүмкін. Халықаралық тәжірибеде қаскөйлер адам көп жүретін жерде «Free Wi-Fi», «Guest_WiFi» деген секілді жалған атпен жалған желі аша бастайтынын көрсетеді. Көп адам оған ойланбастан қосыла салады. Ал қосылған адамның барлық интернет трафигі алаяқтың бақылауына түсуі мүмкін. Соның салдарынан телефондағы фото, жеке мәліметтер, әлеуметтік желі аккаунттары, тіпті банк қосымшасындағы ақпарат та қауіпке ұшырайды.

Үшіншіден, интернет-банкингке кірген кезде қауіп артады. Яғни қоғамдық Wi-Fi-да банк операцияларын орындау - ең қауіпті әрекет саналады. Өйткені банк жүйесіне кіру кезінде логин, пароль, бір реттік SMS немесе Push-кодтарды пайдаланасыз. Алаяқтар тура осындай мәліметтерге қол жеткізуге тырысады. Ал қорғалмаған желіде бұған қол жеткізу оңай шаруа.

Өзіңізді қалай қорғайсыз?

  • Агенттік қоғамдық орындарда Wi-Fi арқылы банк операцияларын жасамауға кеңес береді.
  • Үнемі мобильді интернетті таңдаңыз.
  • VPN қолдану қажеттілігі. Ол интернет трафигін шифрлап, қауіптің бір бөлігіне тосқауыл қояды.
  • Ұялы телефондағы файл алмасу мен желіні бөлісу функцияларын өшіріңіз.
  • Банк қосымшаларына қауіпсіздің параметрлерін қосыңыз. Бұл параметрлер деректерді қорғауға көмектеседі.

Қоғамдық Wi-Fi қысылғанда не үнемдегін келгенде пайдалы. Бірақ, оның осындай салдары бар екенін естен шығармаған абзал. Әсіресе бқл интернет банкинг пен төлемдер үшін қауіпті болып отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы