24 Тамыз 2026, 15:44 Фото: ©BAQ.KZАртем Чурсинов

Қоғамдық және халықаралық байқаушылар қандай баға берді? – Сарапшылар түйін жасады 

Құрылтай сайлауында оның әділдігі мен ашықтығына күмән келтіретін немесе қорытындысына ықпал ететін заң бұзушылықтар тіркелмеген. Бұл туралы «Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясының төрағасы Төлеген Күнәділов «Сайлау-2026: қорытынды және жаңа саяси дәуір бастамасы» атты сараптамалық алаңда мәлімдеді.

Оның айтуынша, коалиция сайлау қарсаңында байқаушыларды даярлау үшін онлайн және офлайн форматта 555 оқыту шарасын өткізген.

Әр өңірдегі саяси партиялардың өкілдерімен және халықаралық байқаушылар институттарымен кездесіп, пікір алмастық, біліктілігімізді жетілдірдік. Сайлау күні таңғы сағат 6:00-ден бастап 9 779 байқаушымыз тіркеуден өтіп, өз міндеттерін атқарды. Бұл – сайлауға тыңғылықты дайындалғанымыздың бір көрінісі. Сондай-ақ байқаушыларды даярлаудың бірыңғай стандартын әзірледік. Оның аясында заңнамада белгіленген құқықтары мен міндеттерін түсіндіріп қана қоймай, сайлау барысын кәсіби әрі объективті бағалауға қажетті білім мен дағдыларды үйреттік, – деді Төлеген Күнәділов.

Сайлау күні коалицияның өңірлік және республикалық деңгейдегі ахуалдық орталықтары таңғы сағат 6:00-ден бастап жұмыс істеген. Қалаларда, аудандарда және шалғай ауылдарда қызмет атқарған байқаушылардан ақпарат тікелей орталықтарға жіберіліп отырған.

Түскен мәліметтерді жедел өңдеп, талдау жүргіздік. Байқаушыларымыздың ақпаратына сәйкес, сайлау комиссияларының мүшелері белгіленген тәртіп аясында жұмыс істеді. Дауыс беруге келген азаматтардың да көңіл күйі көтеріңкі болды. Қазір барлық деректі жинақтап, нақты көрсеткіштерді есептеп жатырмыз, – дейді коалиция төрағасы.

Төлеген Күнәділов сайлау күні әлеуметтік желілерде бірнеше мың жазба жарияланып, құқық қорғаушылар мен байқаушылар тарапынан көптеген пікір мен сұхбат берілгенін атап өтті.

Жалпы алғанда, сайлау науқанына қатысқан саяси институттардың, сайлау комиссияларының және байқаушылардың дайындық деңгейі мен кәсібилігі жоғары болғанын байқадық. Бізге түскен ақпаратты толық негізге ала отырып, сайлаудың әділ әрі ашық өткеніне күмән келтіретін немесе оның нәтижесіне ықпал ететін заң бұзушылықтар тіркелмегенін айта аламыз, – дейді ол.

Сараптамалық алаңда ISIA бас хатшысы Доменико Пальмиери де Қазақстандағы сайлау барысына қатысты пікір білдірді. Ол елімізге халықаралық байқаушы ретінде үшінші рет келгенін айтты.

Алғаш рет 2022 жылғы президент сайлауына қатыстым. Өткен наурыздағы конституциялық референдум кезінде де осында болдым. Осылайша, Қазақстандағы саяси трансформацияның барлық кезеңін бақылап келемін. Қазақстан – Италияның Орталық Азиядағы маңызды серіктесі әрі елімізге энергия ресурстарын жеткізетін негізгі мемлекеттердің бірі. Сондықтан мұнда болып жатқан өзгерістерді бақылау біз үшін аса маңызды, – деді Доменико Пальмиери.

Халықаралық байқаушы бірнеше жыл бұрын басталған саяси реформалардың алғашқы нәтижесі осы сайлаудан көрінгенін атап өтті. Оның бағалауынша, дауыс беру процесі техникалық тұрғыдан жоғары деңгейде ұйымдастырылған.

Доменико Пальмиери Қазақстан мен Италиядағы сайлаушылар белсенділігін де салыстырды.

Қазақстандықтардың дауыс беруге және елдің даму бағытына қатысты таңдауын білдіруге деген ықыласы жоғары. Сайлаушылардың 75 пайызға жуығы өз таңдауын жасағанын көрдім. Ал Италияда сайлаушылардың жартысы дауыс беруге келсе, оны жақсы көрсеткіш деп есептейміз. Сондықтан халықтың сайлау учаскелеріне белсенді келіп, өз таңдауын білдіргенін көру қуантады. Бұл белсенділік алдағы жылдары да жалғасады деп үміттенемін, – деді ол.

ISIA бас хатшысы Қазақстанның бір палаталы парламент жүйесіне көшуіне де тоқталды.

Мен қос палаталы парламент жүйесі қалыптасқан елден келдім. Италияда Сенат пен Депутаттар палатасы бар. Алайда жеке пікірімше, Қазақстан халқы өткен наурызда таңдаған бір палаталы парламент жүйесі тиімдірек. Бұл депутаттардың нәтижелі жұмыс істеуіне және мемлекетті басқару процесінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Қазақстан үшін 145 депутат жеткілікті деп ойлаймын. Халқының саны 60 миллионға жуық Италияда 600-ге жуық парламентарий бар. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан таңдаған арақатынас тиімді шешім деуге болады. Ең бастысы – кеше Қазақстан үшін аса маңызды күн болды, – деді Доменико Пальмиери.