Қоғамдық штабтың міндеті – насихат жұмыстарын белсенді жүргізу
Ақмола облысында электоралды кампанияның міндеттерін жүзеге асыру үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы ҚР Президенттігіне үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ақмола облыстық қоғамдық штабының төрайымы Айна Мүсірәлімова мәлімдеді, деп хабарлайды Ақмола облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, өңірде бір облыстық және 19 аумақтық қоғамдық штаб жұмысын бастады. Облыс бойынша үміткердің 2151 сенімді өкілі тіркелді.
Халықтық коалиция құрамына кірген қоғамдық штаб мүшелері - қоғамдық бірлестіктер, Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі, облыстың кәсіподақ орталығы, бірқатар қоғамдық ұйымдардың өкілдері.
Жоспар бойынша облыстық штаб 56 адамнан құралған. Штабтарды партия филиалдарының атқарушы хатшылары басқарады. Барлығы ҚР Президенттігіне үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілдері болып бекітілді.
Сайлау күні штаб мүшелері облыстың 717 сайлау учаскесінде дауыс беру барысын бақылайды.
Сондай-ақ штаб мүшелері, кандидаттың сенім білдірілген өкілдері қол жинауға белсенді қатысқанын атап өткім келеді. Бекітілген аймақтық желілік жұмыс кестесіне сәйкес барлық штабтардың нақты іс-қимыл жоспары бар. Бүгінгі таңда дайындық және жұмылдыру кезеңінің қорытындысы бойынша іс-шаралар өткізілді. Штабтар жанынан үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге тартылған жастар белсенділерінен мобильді топтар құрылды. Олар үгіт материалдарын орналастыру бойынша жұмыс атқарды. Сондай-ақ облыстың барлық өңірлерінде сыртқы көрнекі үгітті орналастыру бойынша жұмыс жүргізілді, - дейді Айна Мүсірәлімова.
Осы кезеңде 14 қарашаға жоспарланған республикалық қоғамдық штаб мүшелерінің кездесулері өте маңызды іс-шаралар болады.
Жеті ауданда және облыстық маңызы бар үш қалада бірқатар шаралар жоспарлануда. Халық арасында үгіт-насихат іс-шараларын белсенді ұйымдастыру – қоғамдық штабтың басты міндеті. Үгіт-насихат кезеңі 18 қарашаға дейін жалғасады және осы кезеңнің барлығы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге шоғырландырылатын болады, - деп түсіндірді Айна Ермекқызы.
Саяси науқан қарсаңында ақпараттық жұмысқа баса мән беріліп отыр.
Әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде кандидаттың сайлауалды бағдарламасын ілгерілету бойынша сайлауалды жұмыс белсенді әрі тиімді жүргізілуі қажет. Ақпараттық кеңістіктегі және әлеуметтік желілердегі хабарламалар мен пікірлерге уақытылы жауап берілуі тиіс, – деді қоғамдық штаб төрайымы.
Ол атап өткендей, үгіт-насихат жазбаларын жариялау кезінде аудиторияның мүдделері мен тілдік қалаулары ескерілуі тиіс.
Алдымызда қажырлы еңбекті талап ететін, үлкен жұмыс күтіп тұр. Саяси науқан белсенділік танытуымыз қажет. Қоғамдық штабтың жұмысы жоғары жауапкершілікті талап етеді. Ең бастысы, саяси қателіктерге, заң бұзушылыққа жол бермеуіміз керек. Қоғамдық штабтар демалыс және мереке күндері де үздіксіз жұмыс істейтін болады, - деп түйіндеді Айна Ермекқызы.