Қоғамдық қорғаушылар тергеу изоляторларына телефон алып өтпек болды

 Республиканың екі тергеу изоляторында ұялы телефондарды алып өтуді жоспарлаған қоғамдық қорғаушылар ұсталды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz сілтеме жасап.

5 ақпанда Астананың тергеу изоляторында жедел бөлімнің қызметкерлері фронт-офис кабинетіндегі бейнебақылауды арқылы қоғамдық қорғаушының ұялы телефонды, құлаққапты, екі SIM-картаны және қуаттағышты сотталғанға беру фактісін анықтады.

Сол күні Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖД №77 мекемесінде қызметкерлер қоғамдық қорғаушыны тексерген кезде аяқ киімінен телефон мен SIM-картаны тапты.

Ер адам тергеу қамауына алынған туысына “тыйым салынған затты” беруді жоспарлаған. Мобильді құрылғылар мен басқа да заттар тәркіленді. Қоғамдық қорғаушыларға қатысты әкімшілік материалдар жасалды.

Сондай-ақ сотталғандарды тәртіптік жауапкершілікке тарту үшін материалдар толтырылды. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұсталатын адамдарға тыйым салынған заттар мен бұйымдарды бергені үшін ескерту немесе он АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік көзделгенін атап өткен жөн.

Сонымен қатар қылмыстық-процестік заңнамаға сәйкес тергеуші “қоғамдық қорғаушы” мәртебесін алу туралы қаулының күшін жоюға құқылы.

2023 жылдың қорытындысы бойынша қоғамдық қорғаушылар тарапынан тыйым салынған заттарды жеткізудің 20-дан астам әрекетінің жолы кесілді.
 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы