Қоғамдық палатаға кімдер кіреді және ол немен айналысады?
Құрылтай жанындағы Қоғамдық палата құрамына 50 адамды енгізу ұсынылып отыр. Олар заң жобаларын әзірлеудің бастапқы кезеңінде талқылап, ұсыныстарын білдіреді. Палатаға кімдер кіреді, оның жұмысы қалай ұйымдастырылады және Халық кеңесінен айырмашылығы қандай? Бұл туралы Құрылтай депутаттары түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат екі институттың міндеттері мен өкілеттіктері әртүрлі екенін түсіндірді.
«Біріншіден, Халық Кеңесі – конституциялық орган. Оның өкілеттіктері мен міндеттері Конституцияда және конституциялық заңда нақты белгіленген. Оның функционалы әлдеқайда кең. Кеңес ірі мәселелерді көтеріп, бастама жасай алады. Сонымен қатар оның ұсынымдары белгілі бір деңгейде міндеттеуші сипатқа ие», – деді Айдос Сарым.
Ал Қоғамдық палата Құрылтайдың заң шығару жұмысының сапасын арттыруға бағытталады. Сарымның айтуынша, бұл алаң заң жобаларын жетілдірумен қатар, қабылданған заңдардың іске асырылуына қатысты қоғамның пікірін білуге мүмкіндік береді.
«Бұл – Құрылтай үшін анағұрлым қолданбалы сипаттағы институт. Ол – жұмысымыздың сапасын арттыруға мүмкіндік беретін құрал. Сондықтан Қоғамдық палатаны Халық кеңесінің жұмысын қайталайтын институт деп санамаймын», – деді ол.
Қоғам заң жобаларын қай кезеңде талқылай алады?
Қоғамдық палата депутаттардың сарапшылармен, ғалымдармен, азаматтық қоғам, кәсіби бірлестіктер және өңірлер өкілдерімен тікелей диалог жүргізетін тұрақты алаңына айналуға тиіс. Оның негізгі міндеттерінің бірі – заң жобаларына қоғамдық және сараптамалық зерделеу жүргізу.
Сарым Құрылтай отырысында мұндай талқылауды заң жобасын әзірлеудің бастапқы кезеңінде өткізу маңызды екенін атап өтті.
«Мұны ерте кезеңде – “нөлдік оқылым” сатысында жүргізу қағидатты түрде маңызды. Осы кезде заң жобасының негізгі ережелерін нақты талқылап, түзетулер мен толықтырулар енгізуге болады. Бұл аса маңызды заңнамалық бастамаларға қатысты балама ұстанымдарды, кәсіби бағалауларды, ықтимал ескертулер мен ұсыныстарды алдын ала тыңдауға мүмкіндік береді», – деп түсіндірді Айдос Сарым.
Депутаттың сөзінше, қоғамды дайын шешімдермен таныстыру жеткіліксіз. Азаматтар заңнамалық тәсілдер қалыптасып жатқан кезде де талқылауға қатыса алуы керек.
«Яғни біздің міндетіміз – қоғамды әзірленіп қойған шешімдер туралы ғана хабардар етуден тұрмайтынын айтқан жөн. Бұл орайда, заңнамалық тәсілдер қалыптасып жатқан кезеңнің өзінде қоғамның оларды талқылауға нақты қатысуына мүмкіндік жасау қажет», – деді Сарым.
Ол бұған дейін Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата мен Сенат жанындағы Сарапшылар клубы осындай бағытта жұмыс істегенін еске салды.
«Бұл алаңдар нәтижелі диалог пен құжаттарды терең пысықтауға мүмкіндік беріп, өздеріне сұраныс бар екенін көрсетті. Олар парламенттік жұмысқа беделді сарапшыларды, ғалымдарды, қоғам қайраткерлерін, үкіметтік емес сектор өкілдерін тартуға мүмкіндік берді», – деді депутат.
Палатаға кімдер кіреді?
Құрылтай жанындағы Қоғамдық палатаны 50 адамнан құру ұсынылып отыр. Оның құрамына барлық саяси партия фракцияларынан Құрылтай депутаттары, азаматтық қоғам мен сарапшылар қауымдастығының, үкіметтік емес және кәсіби ұйымдардың, өңірлердің өкілдері, сондай-ақ түрлі сала мамандары енбек.
Жекелеген мәселелер мен арнайы салалық тақырыптарды талқылауға қажет болған жағдайда ғалымдар, сала мамандары, мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктер өкілдері қосымша тартылады.
Құрылтай депутаты Лаура Қарабасованың айтуынша, белгілі бір заң жобасы бойынша шетелдік сарапшылардың көмегі қажет болса, оларды да шақыруға мүмкіндік бар.
Палатаның қызметі заң жобаларын талқылаумен шектелмейді. Оның алаңында елдің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері де қаралады.
Жұмысына қосымша қаражат бөліне ме?
Қоғамдық палатаның жұмысына қосымша қаражат бөлінбейді. Оның қызметі Құрылтайға бөлінген жалпы қаражат аясында қаржыландырылады.
Алдағы уақытта Құрылтай Бюросы Қоғамдық палата туралы ережені бекітіп, оның құрамын айқындауға және басшылық лауазымдарға тағайындау жүргізуге тиіс.