23 Қыркүйек 2026, 10:15 Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

«Қоғамдық мәдениет күнделікті өмірдегі қарапайым әрекеттерден басталады» – психологпен сұхбат

Психолог Динара Болатпен сұхбатта ішкі мәдениеттің қалыптасуы, жеке шекараны сыйлау, медиаэтика мен қоғамдағы өзара қарым-қатынас мәдениеті сөз болады.

Қоғамдағы мәдениет пен сыйластық үлкен ұрандардан емес, күнделікті қарапайым әрекеттерден басталады. Өзгенің уақытын бағалау, жеке шекарасын құрметтеу, пікіріне құлақ асу, қоғамдық ортада өзін әдепті ұстау немесе әлеуметтік желіде жауапкершілікпен пікір білдіру – мұның бәрі адамның ішкі мәдениетін көрсетеді. Ал ішкі мәдениет туа біткен қасиет пе, әлде оны өмір бойы қалыптастыруға бола ма? Адам өзін құрметтеу арқылы өзгеге деген қарым-қатынасын қалай өзгертеді?

Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде BAQ.KZ тілшісі жазушы, психолог  Динара Болатпен әңгімелесті.

Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Ішкі мәдениет дегеніміз не?

Динара Болаттың айтуынша, ішкі мәдениет – адамға дайын нұсқаулық ретінде берілмейтін, оның өмір бойы жинаған тәжірибесі, білімі, көргені мен ой түйгені арқылы қалыптасатын моральдық ұстанымдар жиынтығы.

Ішкі мәдениет дегеніміз – тәрбиеде нақты айтылмайтын, нұсқаулық болып берілмейтін, бірақ адамның көргені, жиған тәжірибесі, білімі, өмірлік тәжірибесі мен дамытқан ой өрісі арқылы өзі қалыптастырған моральдық нормалар, – дейді ол.

Оның пікірінше, адамның ішкі мәдениеті сөйлеу мәнерінен, жүріс-тұрысынан және түрлі жағдайдағы әрекетінен байқалады. Мұны әсіресе ішкі мәдениеті қалыптасқан адамдар тез аңғара алады.

Бұл қасиеттің қаншалықты деңгейде қалыптасқаны адамның өмірлік ортасына да байланысты. Динара Болат кейбір адамда терең ойлау, көрегендік, алысқа жоспар құру, өзгенің көңілін ескеру секілді қасиеттер табиғатынан болуы мүмкін екенін айтады. Алайда мұндай қабілеттер дұрыс орта мен саналы ізденіс болмаса, толық дамымайды.

Сондықтан ішкі мәдениетті өмір бойы қалыптастыруға болады. Ол үшін өнер мен білімге ұмтылу, айналаны бақылау, өмірде болған жағдайларды саралау, сол тәжірибеден моральдық қорытынды шығарып, оны күнделікті өмірде қолдану маңызды.

Адам көрген, ойлаған, түйсінген нәрселерінен зерделеп қорытынды шығарып, оны өзінің өмірінде, қоғаммен байланысында қолдану арқылы ішкі мәдениетін дамыта алады. Сондықтан оны тек туа біткен қасиет деп айту қиын, – дейді психолог.

Оның сөзінше, ішкі мәдениеті жоғары адам дегенде біз тұтас қалыптасқан тұлғаны елестетеміз. Бұл ретте ол Абайдың «толық адам» тұжырымын мысалға келтіреді. Яғни адамның өзін-өзі қалыптастыруы мен жетілдіруінің бір бөлігі – оның ішкі мәдениетін дамыту.

Өзін құрметтеу – өзгені түсінудің бастауы

Өзін құрметтеу мен өзгені сыйлау да бір-бірінен бөлек ұғымдар емес. Психологтың пайымынша, адам өзін саналы түрде құрметтеуге жеткен кезде айналасындағы адамдардың да қалауы мен сезімін жақсырақ түсіне бастайды.

Егер адам өзіне сыйластықпен қатынас жасағанын қаласа, дәл сондай сыйластықты, жылы қарым-қатынасты басқа адамдардың да қалайтынын түсінеді, – дейді Динара Болат.

Оның айтуынша, қоғамда әр адамның өз арманы, мақсаты, күнделікті тіршілігі бар. Бірі жұмысқа асығады, бірі оқып жүр, енді бірі өз өмірін қалыптастыруға талпынып келеді. Осындай ортада адамдар бір-бірінің тіршілігін қиындатпауға ұмтылуы керек.

Маған да ыңғайлы болсын, оларға да ыңғайлы болсын» деген түсінік адамның санасында болуы қажет, – дейді ол.

Психолог бұл ойды адамның жеке бақытымен де байланыстырады. Оның пікірінше, адам ұзақ әрі берік бақытқа тек өзі үшін емес, айналасындағы адамдардың да жақсы өмір сүруіне жағдай жасағанда жете алады.

Бұл ретте ол қазақтың «Көршің бай болсын» деген сөзін мысалға келтіреді. Яғни айналаңдағы адамның жағдайы жақсы болса, ол да өз тіршілігімен өмір сүріп, саған кедергі келтірмейді.

Қоғамдағы көңіл күй – өзара байланысты тізбек

Қоғамдық мәдениетті қалыптастыруда әр адамның жеке жауапкершілігі бар. Динара Болаттың сөзінше, адамның бір күндегі көңіл күйі мен қарым-қатынасы өзімен ғана шектелмейді.

Мысалы, адам үйден көңілсіз шықса, жолда кездескен адамға қабағын түюі, жұмысқа барған соң басқа біреумен дөрекі сөйлесуі мүмкін. Ал сол адамның көңілі түскен күйі қызмет көрсету саласындағы басқа адамға әсер етеді. Осылайша бір адамның жағымсыз әрекеті екіншісіне, одан кейін үшінші адамға берілуі ықтимал.

Психолог мұны адамдар арасындағы «қатынастар тізбегі» деп түсіндіреді.

Егер керісінше, әр адам жылы қатынас көрсететін болса, үйден бір-бірімізді жақсы сөз айтып, “күнің сәтті өтсін” деп шығарып салсақ, ол адам кіреберісте кездескен кісіге сәтті күн тілеп, есік ашып беруі мүмкін. Келесі адамның да көңілі көтеріледі. Сол адам қызметіне барып, басқа біреуден жылы сөз естіген соң, жұмысын күлімдеп атқарады, – дейді ол.

Оның пікірінше, қоғамдағы жалпы көңіл күйді әр адам өз әрекеті арқылы қалыптастыра алады.

Мәдениет күнделікті қарапайым әрекеттен көрінеді

Бұл ұстаным қоғамдық орындарда, қызмет көрсету саласында, отбасында және мектепте де байқалады. Әркім өз міндетін сапалы орындап қана қоймай, оған жылы сөз бен жақсы қарым-қатынасты қоса білсе, қоғамдағы өзара сыйластық та арта түседі.

Әр адам бір-біріне жылы қатынас жасап, өзінің міндетін дұрыс атқарып, сол қызметке жылы сөзін, жылы қабағын қосатын болса, бұл ізгі қоғамның көрінісін қалыптастырады, – дейді Динара Болат.

Яғни қоғамдық мәдениет әрдайым үлкен өзгерістерден емес, күнделікті өмірдегі қарапайым әрекеттерден басталады.

Жеке шекара – жаңа заман этикасының бір бөлігі

Қазіргі қоғамда жеке шекара мәселесі де ерекше мәнге ие. Психологтың айтуынша, ата-ана мен бала арасындағы тәрбиелік қатынасты есептемегенде, адамдар бір-бірінің жеке шекарасын сақтауды үйренуі керек. Оған өзгенің уақытын құрметтеу, жоспарына орынсыз араласпау, артық сұрақ қоймау, адамның жеке таңдауы мен пікірін сыйлау жатады.

Жаңа заманның этикасы – әр адамның жеке шекарасын сақтау, өзгенің уақытын сыйлау, эмпатия, яғни жанашыр, тілекші көңілмен қатынас құру, – дейді ол.

Динара Болат ата-ананың бала тәрбиесіне байланысты белгілі бір талап қоюы мен бақылауының ерекшелігі бар екенін атап өтті. Ал басқа қарым-қатынастарда адамның жоспарына, арманына немесе жеке таңдауына орынсыз өктемдік жасау дұрыс емес деп есептейді.

Әлеуметтік желі де мәдениеттен тыс емес

Бүгінде әлеуметтік желі адамдардың күнделікті қарым-қатынасының ажырамас бөлігіне айналды. Сондықтан қоғамдық мәдениет туралы сөз қозғағанда, цифрлық кеңістіктегі әдепті де назардан тыс қалдыруға болмайды.

Динара Болаттың пікірінше, әлеуметтік желідегі қарым-қатынаста медиаэтика сақталуы маңызды. Адам пікірін білдірген кезде өзгелердің көңіліне тимей, әдептен аспауға тырысуы керек. Ал сын айтқан жағдайда оның конструктивті болғаны жөн.

Адам бір ойын жазғанда, пост қылып жариялаған кезде басқалардың көңіліне келмейтіндей, әдептен озбайтындай жазуы керек. Пікір қалдырғанда да адамдар бір-бірінің намысына тимей, сынай қалса, конструктивті сынай білуі қажет, – дейді ол.

Оның айтуынша, әлеуметтік желінің дамуы қарым-қатынастың осы жаңа мәдениетін меңгеруді талап етеді. Мұны әр адамға арнайы нұсқаулық беріп үйретудің өзі жеткіліксіз. Ең маңыздысы – адамның мұндай нормаларды ішкі мәдениеті арқылы түсінуі.

Өзін шын құрметтейтін адам дәл өзіне қандай қарым-қатынас талап етсе, өзгелерге де сондай қарым-қатынас қалыптастырады. Өзі бақытты адам ешкімге сөзбен де, іспен де зиянын келтірмейді, – дейді ол.

Динара Болаттың пайымынша, осы қарапайым қағида – өзгенің өмірін қиындатпау, оның шекарасы мен уақытын сыйлау, өз сөзің мен әрекетіңнің басқа адамға әсерін ескеру – қоғамдағы мәдениеттің берік негізіне айнала алады.