Қоғамдық кеңестерге зор жауапкершілік жүктеліп отыр – Президент

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысы жұртшылығымен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Біз Президенттік басқару үлгісін ұстанамыз. Парламенттің рөлін арттыра түсеміз. Осы орайда, мен мына мәселеге ерекше назар аударғым келеді. Елімізде қоғамдық бақылауды барынша күшейту қажет. Бүгінде еліміз бойынша 256 қоғамдық кеңес бар. Былтыр «Қоғамдық кеңестер туралы» заңға өзгерістер енгізілді. Олардың құзыры едәуір кеңейді. Мен осы салаға азаматтық қоғам өкілдерін көптеп тартуды тапсырдым. Қазір олардың үлесі 86 пайызға жетті, - деді Тоқаев.

Биыл Ұлттық құрылтай құрылғанын білесіздер. Оған әрбір өңірдің қоғамдық кеңесінен бір өкіл мүше болды. Қоғамдық кеңестер халық пен биліктің арасындағы дәнекерге айналуға тиіс. Келісім болса, кез-келген мәселенің шешімі табылады. Сондықтан, халықтың өкілі ретінде белсене жұмыс істеу қажет. Тұрғындар өздеріңіз арқылы мемлекет басқару ісіне қатысады. Қоғамдық бақылауды жүзеге асырады. Бюджет қаражатының қалай жұмсалып жатқанын қадағалайды. Өзекті мәселелерді билік органдарына жеткізеді. Осылайша, қоғамдық кеңес елге мемлекет саясатын түсіндіреді. Бір сөзбен айтқанда, қоғамдық кеңестерге зор жауапкершілік жүктеліп отыр, - деді Мемлекет басшысы.

Ол кеңестердің ел ішіндегі беделін арттыруға баса мән беру керек екенін айтты.

Осы кеңестердің ел ішіндегі беделін арттыруға баса мән беру керек. Оның мүшелері түйткілді мәселелерді батыл көтеріп, оны шешу жолдарын ұсынуы қажет. Тұрғындардың талап-тілегіне әрдайым құлақ асып отырған жөн. Жұрт сонда ғана қоғамдық кеңеске сенім артып, қолдау көрсетеді. Халық өз пікірін билікке келелі кеңестер арқылы жеткізуі керек. Сондықтан мемлекеттік органдармен бірлесіп, үйлесімді жұмыс жасау қажет, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы