Қоғамдық кеңестер саяси дискурсты қалыптастыра бастады – Арман Ешмұратов

Қазақстандағы қоғамдық кеңестердің басты ерекшелігі – олардың саяси мәселелерді талқылауға көшуі. Бұл туралы Еуразиялық интеграция институтының департамент басшысы Арман Ешмұратов "Кеңесуші институттар: конституциялық реформа аясындағы перспективалар" тақырыбында өткен "SARAP" эксперттік клубы отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Арман Ешмұратовтың айтуынша, шетелдегі қоғамдық кеңестердің қызметі көбіне экономикалық күн тәртібімен шектеледі. Ал Қазақстанда қоғамдық кеңестердің, соның ішінде Құрылтайдың ерекшелігі – саяси мәселелерді талқылауға бет бұруы.

Көп жағдайда шетелдегі қоғамдық кеңестер экономика мәселелерін, бизнес пен кәсіподақтардың, яғни мемлекеттің өзара іс-қимылын қарастырады. Мұнда үш негізгі тарап бар: мемлекеттік органдар, жұмыс берушілер және жұмысшылар. Ал біздің спецификамыз – қоғамдық кеңестердің саяси мәселелермен айналыса бастауы. Бұл – бұрын болмаған тәжірибе, – деді ол. 

Сарапшының пікірінше, алдағы уақытта Халық кеңесі де трансформацияланып, өз ауқымын кеңейтуі мүмкін.

Менің ойымша, болашақта Халық кеңесі де біртіндеп трансформацияланып, қосымша топтарды қамтып, кеңейе түседі, – деді Арман Ешмұратов.

Ол бұл үдерістерді Мемлекет басшысының 2019 жылғы алғашқы Жолдауында айтылған жаңа парадигмамен байланыстырды.

2019 жылғы алғашқы Жолдауда Мемлекет басшысы парадигманың өзгергенін атап өтті. Сол кезде түбегейлі саяси өзгерістерсіз экономикалық трансформация мүмкін емес екені алғаш рет ашық айтылды, – деді ол.

Сондай-ақ Арман Ешмұратов қоғам мен мемлекеттің ауқымды трансформациясы биліктің бастамасымен ғана мүмкін болатынын айтты. Оның сөзінше, билік қоғамдық кеңестер арқылы өзгерістерге бағытталған дискурсты ілгерілете бастады.

Жаһандық трансформациялар қоғамда да, мемлекетте де билік бастама көтерген жағдайда жүзеге асады. Бұл трансформациялар қоғамдық кеңестер арқылы басталып, билік тарапынан дискурсты алға жылжытуға мүмкіндік беріп отыр. Бұл – позитивті үрдіс, – деді ол.

Сарапшы философ Мишель Фуконың дискурс туралы тұжырымдарына да тоқталды.

Кез келген билік шындықтың критерийлерін дискурс арқылы қалыптастырады. Ал дискурс, ең алдымен, білімді қалыптастырады, – деді Арман Ешмұратов.

Оның сөзінше, қоғамдық кеңестер жаңа саяси мәдениеттің қалыптасуына ықпал етіп отыр.

Қоғамдық кеңестер жаңа саяси мәдениетті қалыптастыра бастады. Бірақ бұл бір сәтте болатын құбылыс емес. Бұл – біртіндеп жүретін процесс, – деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, бүгін "Qazcontent" АҚ мен "Қазақстандық қоғамдық даму институты" КеАҚ арасында меморандумға қол қою рәсімі өтті. Рәсім ҚҚДИ-ға қарасты "SARAP" эксперттік клубының "Кеңесуші институттар: конституциялық реформа аясындағы перспективалар" тақырыбындағы отырысы аясында өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ©BAQ.KZ/Артём Чурсинов
Өзгелердің жаңалығы