Қоғамдық бақылауды іске асыруға кім қатыса алмайды?
Мәжілістің жалпы отырысында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі қоғамдық бақылауды іске асыруға қатыса алмайтын азаматтар санатын атады.
Министр депутаттарға «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда таныстырды.
Дархан Қыдырәлі заң жобасында қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға қатысу шарттары айқындалғанын атап өтті.
Қоғамдық бақылауды іске асыруға 18 жасқа толмаған, соттылығы өтелмеген, наркологиялық немесе психикалық есепте тұрған адамдар жіберілмейді. Сонымен қатар қызметінде шетелдің қатысы бар, қолданыстағы заңнамаға сәйкес қызметі тоқтатылған немесе тыйым салынған коммерциялық емес ұйымдарға шектеу қойылады, - деді ол.
Оның айтуына қарағанда, сонымен бірге қоғамдық бақылау нәтижелерін қарау нормалары бекітілді. Осылайша, қоғамдық бақылау объектілері қоғамдық бақылау нәтижелері бойынша қорытынды құжатты 10 күн мерзімде қарап және дәлелді жауап жіберуі керек.
Бұл ретте қоғамдық бақылау объектілері мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті қарау үшін шаралар қолдануға міндетті.