Қоғам қайраткері қайтыс болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның қоғам қайраткері, Қазақстан журналистика академиясының академигі, тележурналист, саясаттанушы, тарих ғылымдарының кандидаты, Халықаралық «Культура» қорының кеңесшісі, бірнеше кітаптың авторы Ермек Алдан дүниеден өтті. 

Ермек Алданұлы 1947 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Келес ауданындағы Қызыл Ту ауылында дүниеге келген. 

1963 жылы аудан орталығы Абай селосында орналасқан «Ленин жолы» орта мектебін тәмамдады. 1960 жылы комсомол мүшелігіне өтті. 1971 жылы С. М. Киров атындағы ҚазМУ-ды, ал 1988 жылы Алматы жоғары партия мектебін бітірді. Журналист, саясаттанушы, тарих ғылымдарының кандидаты.

1963-1965 жылдары – Келес ауданында жөндеу шеберханасының слесарі, 1966 жылы «Возрожденная степь» газетінің корректоры жұмыстарын істеді. 1966-1971 жылдары – С. М. Киров атындағы ҚазМУ студенті болды. 

1971-1974 жылдары – Қаз КСР Министрлер Кеңесінің Телевидение және радиохабар Мемлекеттік комитетінің жастарға арналған хабар тарату Бас редакциясының редакторы қызметін атқарды. 

1974-1979 жылдары – «Спутник» Халықаралық жастар туризмі бюросының мектеп жастары мен пионерлер бөлімінің нұсқаушысы, төрағаның орынбасары, Қазақстан ЛКЖО ОК насихат және мәдени-көпшілік жұмыс бөлімі меңгерушісінің орынбасары, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды. 

1979-1986 жылдары – Қазақстан Компартиясы ОК үгіт-насихат бөлімінің нұсқаушысы болды.

1986-1989 жылдары – СОКП ОК идеология бөлімінің насихат бөлімі нұсқаушысы қызметін атқарды, Мәскеу қаласы.

1989-1991 жылдары – Қазақстан компартиясы Шымкент облыстық комитетінің хатшысы.

1991-1992 жылдары – Қазақ КСР-ның КСРО-дағы Өкілетті өкілдігінің кеңесшісі (Мәскеу).

1992-2003 жылдары – Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Өкілетті өкілдігі – елшілігінің кеңесшісі (Мәскеу) қызметтерін атқарды. 

2003 жылдан – «Евразия телесинема интерпрайзес» ЖАҚ вице-президенті еді.

Қазақстан комсомолы ОК мүшесі, Қазақстан комсомолы 14-съезінің, жастар мен студенттердің 10-Бүкіләлемдік фестивалінің делегаты болған. 

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен, БЛКЖО ОК медалімен, БЛКЖО ОК, В. И. Ленин атындағы пионерлер ұйымы Орталық Кеңесінің, Қазақстан комсомолы ОК, Эстония комсомолы ОК, Эстония комсомолы Нарва қалалық комитетінің, Қазақстан комсомолының Алматы қаласы Калинин аудандық комитетінің Құрмет грамоталарымен, «1941-1945 жылдарғы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске – 75 жыл» мерейтойлық медалімен (Ресей Федерациясы Президентінің Қаулысы) марапатталды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы