Қоғам бізден шынайы және пәрменді шаралар күтіп отыр – Әлихан Смайылов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов айтты.

Денсаулық сақтау саласы бойынша біздің алдымызда әрбір азамат үшін   медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту міндеті тұр. Ол үшін, ең алдымен, денсаулық сақтау объектілерінің инфрақұрылымын жақсартып, медициналық ұйымдарды заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету қажет, - деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Ол Денсаулық сақтау министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен бірлесіп, ауруханалар салу бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын тиімді іске асыру үшін жобаның бірыңғай және оңтайлы нұсқасын әзірлеуі қажет екенін атап өтті. 

Денсаулық сақтау министрлігіне шұғыл түрде «СҚ-Фармация» базасында   бір орталықтан сатып алу мәселесін, сондай-ақ медтехниканы сервисімен қоса тікелей өндірушілерден сатып алу мәселесін пысықтауды тапсырамын. Алдағы кезеңде   басым бағыттар бойынша медициналық техникаға қосымша қажеттілікті анықтау қажет, - деді Премьер-министр.

Айтуынша, сатып алудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін бұл процесті толығымен автоматтандыру қажет. 

Ұлттық экономика министрлігі Есеп комитетімен және Стратегиялық жоспарлау агенттігімен бірлесіп, екі апта ішінде Үкіметке осындай жұмыс орындарын есепке алу жүйесін енгізу бойынша ұсыныстар енгізсін. Қазіргі жағдайда біз жұдырықтай жұмылып, нақты нәтиже көрсетуіміз қажет. Қоғам бізден шынайы және пәрменді шаралар күтіп отыр, - деп айтты Үкімет басшысы Әлихан Смайылов.

Смайылов Президент тапсырмасын тиімді орындау қажеттігін айтты.

Алдымызда үлкен жұмыс күтіп тұр, Мемлекет басшысының әрбір тапсырмасын жедел және тиімді орындауымыз қажет. Біздің басты міндетіміз – халықтың табысын арттыру және тұрмыс сапасын жақсарту. Сонымен қатар бәсекеге қабілетті және әртараптандырылған экономиканы дамытуға күш салуымыз қажет, - деп атап өтті ол.

Үкімет басшысы әрбір министр мен әкім қабылданатын шаралардың сапасы мен жеделдігі үшін жеке жауапты болатынын айтты. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы