"Qnet" қаржы пирамидасын құрған күдікті ұсталды
Астанада "Qnet" қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша күдікті ұсталды, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚР ҚМА баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті қала прокуратурасымен бірлесіп "Qnet" қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша күдіктіні ұстады.
Бұл компания Астана мен Ақмола облысының аумағында 2020 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін жұмыс істеді.
Күдікті жеке тұлғалардан тартылған қаражатты кәсіпкерлік қызметке пайдаланбай, "Qnet" қаржы пирамидасының қызметін ұйымдастырды. Схема бойынша ескі салымшыларды жаңа келгендердің жарналары есебінен қайта бөлу және байыту арқылы жүзеге асырылды.
"Qnet" халықаралық компаниясының қызметі желілік маркетинг және электрондық коммерция қызметі түрінде жасырылды.
Бірқатар шет елдерде "Qnet" компаниясы қаржы пирамидасы деп танылды, сондай-ақ оны ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржы пирамидасының белгілері бар компаниялар тізіміне енгізді.
Өкілетті органның қорытындысына сәйкес компания салымшыларынан түскен түсім сомасы 463 млн теңгені құрады. Астана қаласының мамандандырылған тергеу соты күдіктіге 2 айға «қамауда ұстау» шарасына санкция берді. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жария етуге жатпайды, - деді ҚР ҚМА Тергеу департаменті, тергеу басқармасы басшысының орынбасары Қалдырбай Нұрсұлтан.