ҚМДБ «Зекет» қорының басшысына қатысты түсініктеме берді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚМДБ «Зекет» қорының басшысы Әнуарбек Жексенғалиевке қатысты түсініктеме берді. Бұл туралы ҚМДБ баспасөз хатшысы Ағабек Қоңырбайұлы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Сіздерден тек ресми ақпаратқа жүгінуді сұраймыз. Журналистің әдейі таратқан ресми емес ақпараты көптің ойына күмәнді ой салуда. Бір әріптесіміз «Әнуарбек Жексенғалиев бір жылдары «Зекет» қоры Астана қаласы өкілдігінің директоры болған» деген мәлімет жариялады. Мұндай ақпаратты қайдан алғаны бізге беймәлім - деп жазды ол.
Осыған байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми мәліметі. жариялады ол.
Әнуарбек Жексенғалиев 2016, 2017 жылдары, яғни 1 жыл көлемінде «Зекет» қорының жанындағы қайырымды кәсіпкерлерден құралған Қамқоршылар кеңесінің Астана қаласы бойынша мүшесі болды. Ерікті түрде қоғамдық негізде қордың ізгі іс-шараларына үлес қосты. Әнуарбек Жексенғалиевтің ешқандай заңды өкілеттігі болған жоқ, ол ҚМДБ жанындағы «Зекет» қорының директоры болған емес! Ол 2017 жылы негізгі жұмысында, яғни кәсіпкерлік қызметінде қалды - делінген хабарламада.
Ол кейбір әріптестеріміз Әнуарбек Жексенғалиевтің бюджет қаржысына қатысты күдікке ілінуін «Зекет» қорының ақшасын «жымқырумен» байланыстырғанын атап өтті.
Бюджет қаржысы мен қордың есебіндегі қаражаттың мақсаты мен бағыты екі нәрсе емес пе? «Зекет» қорына мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінбейді. Осы мәселені, атап айтқанда, ақпараттың мазмұнын басқа арнаға бұру кәсіби журналистерге тән емес әрекет деп санаймыз. Қаржылық мониторинг агенттігі кәсіпкер Жексенғалиев Әнуарбек Болатұлына қандай негізде іздеу жариялағаны туралы бізде ресми мәлімет жоқ - дейді Ағабек Қоңырбайұлы.