ҚМДБ ораза айт мейрамына қатысты мәлімдеме жасады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы төтенше жағдайға байланысты ораза айт мейрамын өткізу туралы мәлімдеме жасады.
Аса Рақымды ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз! Құрметті отандастар, қадірменді жамағат! Мұсылман қауымының ұлық мерекесі Ораза айт мейрамымен баршаңызды шын жүректен құттықтаймыз. Ораза айт мерекесі – бір ай бойы шынайы ықыласпен ораза ұстап, әр күнін жақсылық жасаумен өткізген адамның құрметке, марапатқа ие болатын кезі. Алла Тағала құдси хадисте: "Пенделерiм Мен парыз еткен оразаны атқарып, ақысын алуға (айт намазын өтеуге) мешiтке бет алды. Олар Мен үшiн ораза ұстады, Менiң пәрменiммен ауыз ашты, ендi қуанышқа кенелсiн…", – деген. Ислам дінінде кез келген мереке ғибадатпен бастау алады. Шариғатымыз бойынша айт намазын жамағатпен оқу – уәжіп. Алайда, биылғы ораза айт намазы еліміздегі карантин жағдайына байланысты мешіттерде жамағатпен өткізілмейді. Ханафи мәзһабы бойынша айт намазын үйде жеке оқу дұрыс емес - делінген мәлімдемеде.
Бірақ, айт күні күн найза бойы көтерілгеннен кейін әркім өз үйінде екі немесе төрт ракағат нәпіл (дұха) намазын жеке оқи алады.
Оны төрт ракағат етіп оқу – абзал. Абдулла ибн Масғуд (Алла одан разы болсын): "Айт намазын оқи алмаған адам төрт ракағат намаз оқиды. Бірінші ракағатта "Фатиха" сүресінен кейін "Сәббихисмә раббикәл-ағлаа", екінші ракағатта "Уәш-шәмси уә духааһәә", үшінші ракағатта "Уәл-ләйли изаа яғшаа", төртінші ракағатта "Уад-духаа" сүрелерін оқиды", – деген. Ал аталмыш сүрелерді жатқа білмейтін кісілер басқа да сүрелерді оқыса болады. Айт күні сәресін ішпейді, күндіз аузы ашық болады. Өйткені, хадисте: "Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ораза және құрбан айт күндері ораза ұстауға тыйым салатын" делінген. Ораза айт – мереке. Сондықтан мейрам күні ата-анамызға, отбасымызға, балаларға, тума-туыстарға сыйлық үлестіру – сауапты әрі игі іске жатады. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Бір-бірлеріңе сыйлық беріңдер, араларыңда сүйіспеншіліктерің артады" – деп өсиет еткен - дейді діндәрлар.
Ораза айт – кешірім жасайтын күн.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Әрбір жүрегі пәк – тілі шыншыл адам", – деді. Сахабалар: "Тілі шыншыл деген түсінікті, жүрегі пәк дегенді қалай түсінеміз" деп сұрағанда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Жүрегі пәк дегеніміз – тақуа, таза, ыза және көре алмаушылықтан ада адам", – деді. Ораза айт – мұқтаждарға көмектесетін күн. Құран Кәрімде: "Аллаға құлшылық етіңдер, Оған еш нәрсені ортақ қоспаңдар. Әке-шешеге, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге, жақын көршіге, бөгде көршіге, жан жолдасқа, жолда қалғандарға және қол астындағыларға жақсылық жасаңдар", – делінген ("Ниса" сүресі, 36-аят). Жаратқан Алла әрбіріміздің ораза айт күні жасаған ізгі істерімізді, дұға-тілектерімізді қабыл етіп, жылдан жылға, айдан айға аман-есен жетуді нәсіп еткей! - делінген ҚМДБ мәлімдемесінде.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Астаналық азамат бір отбасын өрттен құтқарып қалды
Келесі жаңалық
Ақтөбеде 500 адам баспана құқығынан айырылған
Өзгелердің жаңалығы