ҚМДБ мешіттерді қайта ашу бойынша ұсыныс берді
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қазір мешіт толымдылығын 30 пайыздан асырмау, бір келушіге 4 шаршы метр талабын сақтай отырып, мешіттерді кезең-кезеңімен ашу талқылануда. Бұл туралы Алматы қаласы Орталық мешітінің наиб имамы Ермек Көкірекбаев онлайн брифинг барысында айтты.
Наиб имам бүгіннен бастап карантин шаралары жеңілдетіліп жатқанын айта келе, мешіттердің әзірге ашылмайтынын жеткізді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы мәселеге байланысты құзыретті мекемелерге карантин талаптарын сақтай отырып, мешіттерді қайта ашу тұралы ұсыныс берді. Өткізген келіссөздерде ҚМДБ-ның ұсынысы құпталуда. Мешіт толымдылығын 30 пайыздан асырмау, бір келушіге 4 шаршы метр талабын сақтай отырып, мешіттерді кезең-кезеңімен ашу талқылануда. Мешіттер жақын күнде қайта ашылады деген үлкен үміт бар, - дейді ол.
Сонымен қатар, ол мешіттерде дезинфекция жасау жұмыстары толығымен қамтылғанын, егер ашыла қалса, эпидемиялық талаптарға сай орындалатынын жеткізді.
Қаладағы барлық мешіттерге дезинфекция жұмыстарын жасап, қауіпті індеттің алдын алу бойынша тапсырмалар берілген. Демеушілердің көмегімен қазір дезинфекция жасайтын құрылғылар алынған, яғни мешіттер қауіпсіздік шараларына сақадай сай отыр, - дейді Ермек Көкірекбаев.
Оның айтуынша, халыққа босаңсуға әлі ерте. Өйткені мамыр кезінде адамдар көптеп жиналып, оның арты үлкен қайғылы жағдайға әкелген. Сондықтан жаназа, ас беру рәсімдерін жақын туыстар арасында ғана жасаған жөн.
Сөз арасында ол діни кеңес алғысы келетіндер үшін Алматыдағы муфтияттың пәтуа бөлімі жұмыс істеп жатқанын жеткізді.
Одан бөлек мешітте алты күн бойы онлайн дәріс жүргізіліп жатыр. Сұрақ қойғандарға жауап беріледі. Azan.kz сайты жұмыс істеп тұр. Имамдар әлеуметтік желілерде тікелей эфирге шығып жүр, сол жерде де сұрақ қоюға болады, - дейді ол.