ҚМДБ бетті тұмшалауға қатысты мәлімдемесін жариялады

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бет-әлпетті толық жабуға қатысты ресми мәлімдеме жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәлімдемеде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында бірқатар заңнамалық өзгерістер енгізіліп жатқаны айтылған.

Бүгінде елімізде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында бірқатар заңнамалық өзгерістер енгізілуде. Соның бірі – бет-әлпетін толық жабатын киімге (оның бірі ниқаб) қоғамдық орындарда тыйым салу туралы жаңа шектеулер. Бұл шешім қандай да бір діни сенімді немесе жеке таңдауды шектеу үшін емес, ең алдымен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттілігінен туындап отыр. Қазіргі таңда әлемнің көптеген елдері, оның ішінде мұсылман елдері де қауіпсіздік мақсатында осындай ұстанымды қабылдауда, – делінген мәлімдемеде.

Сондай-ақ діни басқарма өкілдері мәлімдемеде Құран аятынан мысал келтірген.

Мүмин әйелдерге айт: "(бөгде ерлерден) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін қорғасын. Сондай-ақ зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ олардың өздігінен көрінгендері (беті, қол-аяқтары) бұдан тыс және бүркеншіктерін омырауларына түсірсін. Зейнеттерін көрсетпесін", – деген («Нұр» сүресі, 31-аят). Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде: "Уа, Әсма! Балиғат жасына жеткен қыздың (сырт көзге) мына екеуінен басқа жерінің көрінгені дұрыс емес деп, беті мен екі қолын көрсеткен" (имам Әбу Дәуід). Жоғарыда Құран аяттары мен хадисте баяндалғандай әйел кісілер бет-жүзін жабуға немесе бүркемелеуге міндеттелмеген. Бұл халқымыздың дәстүрінде де көрініс таппаған, – дейді мүфтият.

Құраннан мысал келтірген діни басқарма өкілдері еліміздің тұтастығы басты құндылық екеніне тоқталды.

Біз еліміздегі мұсылмандардың біртұтас діни бірлестігі ретінде, қоғамдағы тұрақтылық, ынтымақ пен бірлікті басты құндылықтарымыздың бірі деп бағалаймыз. Ислам діні де қоғаммен жарасымды өмір сүруді, тәртіпке бағынып, мемлекеттің тыныштығына үлес қосуды насихаттайды. Сондықтан да заңға түсіністікпен қарап, ортақ игілік жолында бірлігімізді бекемдейік. Алла Тағала елімізге тыныштық, жүрегімізге иман байлығын нәсіп етсін!, – делінген мәлімдемеде.

Еске салайық, бұған дейін ҚМДБ жаназа ақысы 100 мың теңге деген пікірге түсініктеме берген болатын. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы