ҚХА Мәжілістегі депутаттық тобы сайлаудан кейін отырыс өткізді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін «Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасынан және ҚР сайланған президенті қызметіне ресми кірісу рәсімінде сөйлеген сөзінен туындайтын міндеттері туралы» тақырыбында Қазақстан халқы Ассамблеясының Мәжілістегі депутаттық тобының отырысы өтті.
Отырыс барысында ҚХА төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев баяндама жасады.
«Қазақстан халқы Ассамблеясының Мәжілістегі депутаттық тобы ел бірлігін нығайту, ұлтаралық тұрақтылықты сақтау, қоғамдағы өзара келісім мен халықтар достығын арттыру бағытында жан-жақты жұмыстар атқарып келеді. Өткен президенттік сайлаудың сәтті өтуіне ҚХА барлық құрылымдары, соның ішінде этномәдени бірлестіктер, Ассамблеяның Мәжілістегі депутаттары белсене үлес қосқанын айта кеткен жөн», - деді Түймебаев.
Ол этномәдени орталықтар Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдау мақсатында «Біздің таңдауымыз – бірлік пен келісім!» атты жалпыреспубликалық электоралдық акциясын жүзеге асырғанын атап өтті.
«ҚХА Nur Otan партиясының республикалық және өңірлік қоғамдық штабтарына 200 жуық беделді тұлғаларын кандидаттың сенімді өкілі ретінде жіберді. Ассамблея бұдан бөлек, ел бірлігін нығайтуға бағытталған 270 астам түрлі іс-шаралар мен мәдени бағдарламалар ұйымдастырды. Өздеріңіз білетіндей, 12 маусымда Тоқаевтың ҚР президенті қызметіне ресми кірісу рәсімі өтті. Мемлекет басшысы ант қабылдау рәсімінде сөйлеген сөзінде бірқатар маңызды бағыттар мен мемлекеттік бағдарламаларға баса мән беруіміз керек екенін атап өтті», - деді Түймебаев.
ҚХА төрағасыныңорынбасары Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында елдің әлеуметтік-экономикалық, саяси және рухани дамуына қатысты стратегиялық басымдықтар мен жоспарлы міндеттері белгіленгенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы ұлықтау рәсімінде: «Халқымыздың татулығы, ынтымағы, бірлігі – біздің ең басты құндылығымыз. Осы құндылықты көздің қарашығындай сақтау – баршамызға ортақ парыз» деп атап өтті. Сондықтан Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ассамблеяның Мәжілістегі депутаттық тобы алдында бірқатар маңызды міндеттер тұр», - деді ол.