Бүгiн 2026, 14:00 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

Қияр арзандап, ет қымбаттады: Қазақстанда инфляция 10,4%-ға жетті

Мамыр айында елімізде жылдық инфляция 10,4% болды.

Ең көп арзандаған тауарлар қатарында қияр мен қызанақ болса, қой еті, алма және дәрі-дәрмек бағасы өсті. Қазақстанда 2026 жылғы мамыр айында жылдық инфляция 10,4%-ды құрады. Бұл туралы ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ведомствоның дерегінше, мамыр айында инфляцияның айлық деңгейі 0,7% болды. Оның ішінде азық-түлік тауарларының бағасы 0,4%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 0,6%-ға, ал ақылы қызметтер 1,1%-ға өсті.

Азық-түлік өнімдері арасында ең көп арзандаған тауарлар қияр мен қызанақ болды. Мамыр айында қияр бағасы 25,4%-ға, қызанақ 25,1%-ға төмендеді. Сондай-ақ тәтті бұрыш 8,3%-ға, сарымсақ 3,1%-ға, мандарин 2,6%-ға, қызылша 2%-ға арзандады. Күнбағыс майы мен консервіленген жүгерінің бағасы 0,4%-ға төмендеген.

Сонымен қатар бірқатар азық-түлік өнімдерінің бағасы өсті. Атап айтқанда, қой еті 4,7%-ға, сиыр бауыры мен майдағы шпроттар 3,3%-ға, алма 3,1%-ға, шұжық өнімдері 1,7%-ға, ішетін сүт 1,1%-ға, жұмыртқа 0,6%-ға және айран 0,4%-ға қымбаттаған.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар арасында таба бағасы 4,8%-ға, ыдыс жуғыш машина 3,3%-ға, кітаптар 2,5%-ға, смартфондар 1,5%-ға арзандады. Бөлме өсімдіктерінің бағасы да 0,6%-ға төмендеген. Ал фотоаппараттар 7,4%-ға, үтіктер 3,1%-ға, шаруашылық сабын 2,7%-ға және дәрі-дәрмектер 1,7%-ға қымбаттады.

Қызмет көрсету саласында балалар аттракциондарының қызметі 6,6%-ға, көлік қызметтері 1,5%-ға және автокөлік жуу қызметтері 0,7%-ға өскен.

Жылдық көрсеткіш бойынша азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы 11,7%-ға, азық-түлік өнімдері 10,7%-ға, ал ақылы қызметтер 8,7%-ға артқан.

Былтырдың мамыр айымен салыстырғанда қияр бағасы 35,2%-ға, пияз 25,1%-ға, қызанақ 24,3%-ға, картоп 7,5%-ға, банан 4,9%-ға және күріш 4,3%-ға арзандады. Ал алма 9,8%-ға, мұздатылған балық 8,5%-ға, қара шай 7,6%-ға, макарон өнімдері 6,6%-ға және қант 2,3%-ға қымбаттаған.

Сондай-ақ 2025 жылдың мамырымен салыстырғанда отандық жеңіл автокөліктердің бағасы 17,9%-ға төмендеген. Бұдан бөлек, азитромицин 6%-ға, микротолқынды пештер 1,1%-ға арзандаған. Ал шаруашылық сабын 10,5%-ға, ерлер шалбары 10,2%-ға, кір жуғыш ұнтақ пен тұрмыстық техникалардың бағасы 9,1%-ға өскен.

Қызмет көрсету секторында көлік қызметтері бір жылда 11,1%-ға, қонақүй қызметтері 10,3%-ға, білім беру қызметтері 8,9%-ға және мобильді байланыс қызметтері 7,6%-ға қымбаттады.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, тұтыну бағаларының индексі инфляция деңгейін сипаттайтын негізгі көрсеткіш және ай сайын есептеледі. Баға мониторингі 537 тауар мен қызмет түрі бойынша жүргізіледі.

Айта кетейік, 2026 жылғы қаңтардан бастап тұтыну бағалары индексін есептеу құрылымында азық-түлік тауарларының үлесі 41,1%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар үлесі 28,4%, ал ақылы қызметтердің үлесі 30,5%-ды құрайды.