Қираған стадион, спорт залсыз мектеп: Үкімет басшысы спорттағы проблемаларды атады
Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында елдегі спорт саласындағы олқылықтарға тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жыл сайын республикада түрлі деңгейдегі 25 мыңнан астам спорттық-бұқаралық іс-шара өткізіледі. Оларға 1,2 млн-нан астам адам қатысады. Ауылдық жерлерде де бұқаралық спорт белсенді дамып келеді. Республикада балалар мен жасөспірімдердің 800-ден астам клубы жұмыс істейді. Балаларға арналған спорт секцияларының саны артып келеді. Бұқаралық спортты дамыту бойынша түрлі бағдарламалар мен жобаларға қарамастан, көптеген жүйелі мәселе шешімін тапқан жоқ. Мәселен, ақпараттық кеңістікті мониторингтеу нәтижесінде шілде айының өзінде ғана осы саладағы проблемаларға қатысты халықтан көп шағым түсетіні анықталды, - деп атап өтті Үкімет басшысы.
Өкінішке қарай, жергілікті билік тұрғындар көтерген мәселелерді шешуге тиісті деңгейде әрекет жасамайды деп отыр.
Мысалы, Павлодар облысы Баянауыл ауданы Майқайың кентінде 2020 жылы жөнделген стадион құлап жатыр. 3 жыл ішінде бұл объект жарамсыз болып қалды десе де болады: футбол алаңы мен жүгіру жолдарынан бастап трибуналар мен киім ауыстыратын бөлмелерге дейін жарамсыз күйге түскен. Қарағанды облысындағы Шұбаркөл көмір вахталық кентінде спорт залы қирап қалды. Бұл осы объектіге ешкім көңіл бөлмегенін көрсетеді. Ақтөбе облысының Шиқұдық ауылындағы Теректі мектебінде спортзал жоқ. Айтпақшы, спортзалдары жоқ мектептер тек шағын ауылдарда ғана емес, ірі қалаларда әлі де көп, - деді Әлихан Смайылов.
Айтуынша, дене шынықтыру мұғалімдері мен кәсіби жаттықтырушылар жетіспейді.
Сонымен қатар жұртшылық Астанадағы Ұлттық спорт университетінің және Алматы облысындағы Олимпиадалық даярлық орталығының құрылысы ұзаққа созылып кеткеніне наразы. Спортты дамыту және саламатты өмір салтын насихаттау бағытында біз ауқымды жұмыстар жасап келеміз. Алайда кейбір мәселе бойынша бір орында тұрып қалдық, - деді ол.