Қираған спорт кешеніне қатысты комиссия құрылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысы әкімінің тапсырмасымен комиссия құрылды, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың тапсырмасымен Ұйғыр ауданы Шонжы ауылындағы спорттық-сауықтыру кешеніндегі 3-блогы шатырының металлдық конструкцияның құлау себептерін анықтау мақсатында жұмыс комиссиясы құрылды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Л.Турлашовтың төрағалығымен құрылған жұмыс комиссиясының құрамына облыстық Құрылыс, Өнеркәсіптік қауіпсіздік, мемлекеттік Сәулет құрылыс бақылау басқармасы, Төтенше жағдайлар департаменті, техникалық және авторлық қадағалау, «ҚазНИИСА» және бас мердігер - «Лидер-НК» ЖШС өкілдері кірді, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Қазіргі кезде құрылған комиссия мүшелері шатыр блогының құлау себептерін анықтау және осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында аталмыш нысанда жан-жақты тексеру жүргізіп жатыр. Комиссия жұмысының нәтижелері алдағы уақытта қосымша хабарланады.
Естеріңізге сала кетейік, 21 қыркүйек, сағат 11:00-де, Ұйғыр ауданы Шонжы ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің 3-блогының (спорт залының) жұмсақ шатырын салу жұмыстары кезінде металл конструкция құлаған болатын. Зардап шеккендер жоқ. Құлаған блоктың ауданы 1058,4 шаршы метрді құрайды. Болған келеңсіз жайт ғимараттың 1 және 2 блоктарына зиян тигізбеген.
Нысанның құрылысы өткен жылдың қараша айында басталған. Құрылыс жұмыстарын жасаған бас мердігер – «Лидер-НК» ЖШС.