Қимақтардың құпиясын ашуға жәндіктер көмектеседі

Павлодарлық археолог-ғалымдар Қимақ дәуірін тереңнен зерттеу үшін жәндіктердің көмегіне жүгінбек. Жүздеген жыл бұрын Ертіс өңірінде өмір сүрген бұл тайпаның құпияларын ашу үшін ресейлік палеоэнтомологтар шақырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті жанындағы археологиялық зерттеулер институтындағы жұмыс бір сәтке де тоқтамаған. Қазіргі уақытта тарих ғылымдарының кандидаты Тимур Смағұловтың жетекшілігімен қолға алынған жоба ТМД елдері ішінде алғашқы рет жүзеге асырылып жатыр.

Археологиялық зерттеу институтының директоры, археолог-ғалым Тимур Смағұловтың айтуынша, бірнеше жыл бұрын Павлодар қаласына қарасты Байдала ауылының маңында жүргізілген қазба жұмыстары барысында Қимақ дәуіріне тиесілі қорымдар табылған.

Сегіз жыл бұрын біз орта ғасырларға жататын қорымнан сол заманғы тайпалардың көшпелі баспанасы табылды. Яғни, археологтар Қимақ күймесіне тап болды. Бірегей жәдігер әлі күнге дейін зерттеліп жатыр. Алматыда суретші-реставратор Крым Алтынбековтің зертханасында реставрациясы да жасалып жатыр. Екі дөңгелекті арба қазылып алынғаннан соң маңынан екі мола табылды. Яғни, артефакті ежелгі адамдармен бірге жерленгені анықталды. Біз қорымды ғана емес, топырақтағы өзге жәдігерлерді бүлдірмей, сақтап қалу туралы шешім қабылдадық. Инновациялық зерттеу әдістері қолданылды, - дейді Тимур Смағұлов.

Өткен жылы жоғары оқу орны зоология институтымен бірлесіп, биоархеологиялық ғылыми орталығы құрылды. Мақсат – адамның тұрмысымен байланысты заттарды зерттеу. Нақтырақ айтқанда, өсімдіктер мен жануарлардың қалдықтары, киім-кешек қиындылары, ыдыстардың бөлшектері тіпті, жәндіктерді де тереңнен зерттеу қажет. Қазіргі уақытта археоэнтомология бағытын дамыту қолға алынды.

Археологтар қазба барысында байырғы заманғы жәндіктердің қалдықтарын да тауып жатады. Ал энтамолог-мамандар оларды зерттейді. Бастапқыда ұсақ дүние болып көрінген заттар ежелгі адамдардың өмірі туралы қызықты ақпарат беруі мүмкін. Біз сонымен қатар, өз тарапымыздан сараптама жасап, құнды жәдігерлерге тарихи баға береміз. Дәл қазір павлодарлық ғалымдар ресейлік этнамологтармен бірге өте қызықты ғылыми материал жинап жатырмыз, - дейді ғалым.

Күйме табылған қорымдардың бірінде түрлі жәндіктер табылған. Бұл тіршілік иелері біздің заманымыздың бірінші мыңжылдығының соңы мен екінші мыңжылдығының басында Ертіс өңірінің далаларында өмір сүрген ежелгі адамдар туралы ақпарат жинауға көмектеседі. Осы кезеңде қарт Ертістің бойында Қимақ қағанаты болғаны тарихтан белгілі. Араб географтарының карталарында бұл аумақ "Қимақтар елі" деп белгіленген. Ғалымдардың діттегені де сол – бұл кезеңді барынша зерттеп, ғылыми материал жинау. Қазақ шығыстанушыларының пайымдауынша, Павлодар облысында қағанат астанасы Қимақия орналасқан.

Біз Қимақ қағанатын мәдени, тарихи тұрғыдан ғана емес, қоршаған ортаның жағдайы, климаттың өзгеруі мен ерекшелігін де түсінгіміз келеді. 11-12 ғасырларда Шығыс Дешті Қыпшақ кезеңінде орын алған үрдістер, Қимақ қағанатының ыдырауы туралы мәлімет жиналып, өңделеді. Бұл кезең туралы тарихи дереккөздерде ақпарат тым аз. Сондықтан, қазба кезінде табылған әр жәдігер аса маңызды. Жәндіктердің өзі ақпарат баруы мүмкін. Жәндіктер табылған соң зерттеу жұмыстарына шетелдік энтамологтарды тартуды ұйғардық. Олар молаға қалай түсті? Адам денесінде болды ма? Осы және өзге сұрақтарға жауап іздеп жатырмыз, - дейді археолог.

Археэнтомология жобасы осылайша пайда болды. Сарапшылардың айтуынша, қорымнан табылған жәндік түрлері адамның құрғақ терісімен қоректенуі ықтимал. Ал ежелгі адамның денесі мумификацияланған. Бұл процесс неліктен жасалды? Адам мүрдесін тасымалдау үшін бе? Немесе діни салттар бойынша жасалған әрекет пе? Бұл сұрақтардың жауабы археоэнтамологиялық зерттеу барысында табылады деген үміт бар.

Бұл кешенді зерттеу әлемдік ғылыми қауымдастық үшін де аса құнды. Мамандар тобы Ертіс өңірінде біздің заманымыздың 9-10 ғасырларында болған Қимақ мемлекеті тарихына қатысты жаңа мағлұматтарды паш етеді. Қимақ қағанаты қазақ халқының этногенезімен тікелей байланысты екені белгілі. Сондықтан, кез келген жәдігер тарихи мәдени үрдістерді реконструкциялау үшін қажет, - дейді мамандар.

Еске салда кетсек, отандық тарихи ғылымы үшін аса маңызды олжа, Қимақ арбасы "Өскемен-Павлодар" тас жолының құрылысы бойынша сақтық шаралары аясында жүргізілген қазба жұмыстары барысында табылды. Күйме облыс орталығының іргесіндегі Долгое ауылының маңында жатқан. Көне қорым тоналмаған болып шықты. Ағаш күйме тұтас күйінде сақталып қалған. Ежелгі көлік сынып қалмас үшін топырақпен бірге қазылып алынды. Кейін затты сақтап қалу үшін балауызбен жалатылды. Бұл әдіс соңғы уақытта кеңінен пайдаланпы келеді. Мамандардың мәліметінше, күйменің ұзындығы - екі метр. Салмағы бір тоннаға жуық.

Айта кетейік, Еуропа елдерінде қазба жұмыстары барысында табылған жәндіктер бұрыннан зерттеліп келеді. Ал Қазақстан ТМД елдері арасында бұл бағытты бірінші болып қолға алды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы