20 Тамыз 2026, 00:30 Фото: Скриншот

ҚХП өңірлердегі өмір сапасының бірыңғай стандартын белгілеуді ұсынды

Партия төрағасы әлеуметтік кепілдіктер мен азаматтың өз жауапкершілігі арасындағы шекті нақты айқындау маңызды екенін атап өтті.

«24KZ» телеарнасында Құрылтай депутаттарын сайлау қарсаңында жеті саяси партия жетекшісінің қатысуымен өткен финалдық теледебатта «Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов Қазақстан Халық партиясының бағдарламасында барлық өңір үшін өмір сапасының бірыңғай стандартын белгілеу ұсынылатынын атап өтіп, бұл бастаманың экономикалық мүмкіндіктері әртүрлі аймақтарға қалай қолданылатынын сұрады.

«Сіздердің бағдарламаларыңызда еліміздің барлық өңірі үшін өмір сапасының бірыңғай стандартын белгілеу ұсынылады. Бұл әділетті көрінеді. Бірақ Қазақстан өңірлерінің экономикалық әлеуеті түбегейлі әртүрлі. Бір жерде экономиканың негізін өнеркәсіп құраса, енді бір жерде ауыл шаруашылығы, логистика немесе туризм маңызды рөл атқарады. Өмір сапасының бірыңғай стандарты дегенде нақты нені түсінесіздер?» – деп сұрады Қайрат Айтуғанов.

Сұраққа Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов жауап берді.

«Біз әр өңірде болуы тиіс әлеуметтік игіліктер бойынша ең төменгі стандарттарды белгілеуді ұсынамыз. Біз Қазақстанның барлық өңірін аралап шықтық және шағын ауыл, шағын қала мен Алматы, Астана, Шымкент арасындағы айырмашылықтың қаншалықты үлкен екенін түсінеміз. Бұл диспропорция өте ауқымды», – деді Нұрсұлтан Шоқанов.

Партия төрағасы әлеуметтік кепілдіктер мен азаматтың өз жауапкершілігі арасындағы шекті нақты айқындау маңызды екенін атап өтті.

«Менің ойымша, әрбір азаматқа, сонымен бірге мемлекетке де әлеуметтік кепілдіктер мен адамның өзіне жауапкершілік алуы тиіс салалардың арасындағы шекті түсіну маңызды. Мысалы, кейбір ауылдарда соңғы мектептің жабылғанын көрдік. Мемлекет мұндай жағдайда мектепті қайта ашуы керек пе? Әлде білім беру нысандарын тірек ауылдарда шоғырландыру қажет пе? Осындай мәселелерді азаматтарымыздың өздері де көтеріп жүр», – деді ол.

Оның айтуынша, бірыңғай әлеуметтік стандарттар нақты белгіленсе, азаматтардың мемлекеттен не күтетінін түсінуі жеңілдейді.

«Бұл жерде мемлекеттің ұстанымы қандай болуы керектігін түсіну өте маңызды. Егер бірыңғай стандарттарды белгілеу тұрғысынан түсіністік пен әділеттілік орнаса, ең болмағанда адамдар мемлекет жоспарына сәйкес қандай әлеуметтік жағдайды күте алатынын білетін болады», – деді Қазақстан Халық партиясының төрағасы.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Шоқанов өңірлердің экономикалық даму мүмкіндіктері әртүрлі екенін партияның жақсы түсінетінін айтты.

«Экономикалық даму мәселесіне келсек, әр өңірдің қаншалықты ерекшеленетінін біз өте жақсы түсінеміз. Өткен жылдың соңында Мемлекет басшысының алдында өңірлердегі шағын және микробизнесті дамыту бағдарламасын қорғау бақыты бұйырды. Ол "Іскер аймақ" деп аталады. Әр өңірдің мамандануы қаншалықты әртүрлі екенін жақсы білемін», – деді ол.

Партия төрағасының сөзінше, өңірлердің ерекшелігіне қарай экономикалық даму бағыттарын да әртүрлі қалыптастыру қажет.

«Бір жерде ауыл шаруашылығы дамыған, онда өнімді өңдеуді дамыту қажет. Екінші бір өңірде туризм басым, онда инфрақұрылым мен сервисті дамыту керек. Кейбір өңірлерде өнеркәсіп дамыған, онда логистиканы және өндірісті одан әрі өңдеу бағыттарын дамытуға болады», – деді Нұрсұлтан Шоқанов.

Ол мұндай бағдарламалардың қазірдің өзінде ұсынылып, жүзеге асырыла бастағанын атап өтті.

«Біз мұндай бағдарламаларды бұған дейін де ұсындық. Олар енгізілді және қазір жұмыс істеп жатыр. Сондықтан біз әлеуметтік кепілдіктер мен өңірдің экономикалық дамуын нақты ажыратамыз», – деп қорытындылады Қазақстан Халық партиясының төрағасы.