ҚХА-ның "Жомарт жан" орталығы былтырды қорытындылап, биылғы бағытын белгіледі

Астана қаласының Достық үйінде Қазақстан халқы ассамблеясының “Жомарт жан” республикалық орталығы отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Іс-шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Евгений Больгерт пен Закиржан Кузиев, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов, «Қоғамдық келісім» РММ директоры Элина Масагутова, ҚХА «Жомарт Жан» өңірлік орталықтарының төрағалары, сондай-ақ этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық құрылымдардың өкілдері қатысты.  

Қазақстан халқы ассамблеясының “Жомарт жан” республикалық орталығы өз жұмысын былтыр ғана бастаса да ерекше белсенділік танытып жүргенін атап өткім келеді. 2024 жылы “Мектепке жол”, “Жүректен жүрекке”, “Мейірім” және “Қамқор” бағыттары бойынша қайырымдылық жобаларын іске асыруға белсене қатысып, жалпы сомасы 1 млрд 300 млн теңге мұқтаж жандарға көмек көрсетілді, - деді Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Евгений Кочетов.

Кочетов бұл қайырымдылық тек қана мұқтаж жандарға көмек емес, этносаралық келісімді нығайтудың үлгісі екенін атады.

Орталық отырысында ҚР Парламенті Сенаты депутаты Евгений Больгерт “Жомарт жан” республикалық орталығының 2025 жылға арналған жоспарын бөлісті.  

Биыл өтетін негізгі іс-шараларымызды Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығына арнаймыз. Біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген маңызды бағыттарға ерекше назар аударамыз. Қоғамымызда еңбек адамының, жұмысшы мамандықтардың қадірі арта түсуі үшін, осы бағытқа да серпін беріп, өз үлесімізді қосқымыз келеді, - деді ол.

Сондай-ақ Сенат депутаты Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 80 жылдығы мен Наурыз мейрамына ерекше көңіл бөлінетінін айтты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов
Өзгелердің жаңалығы