ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің отырысы өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.Бүгін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Жаңа Қазақстанда жаңа ұлт болмысын қалыптастыру үрдістері» тақырыбында ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің жұмыс отырысы өтті.
Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өкілдері, ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесі мен Ғылыми-сарапшылық топтарының мүшелері, жас ғалымдар пулы және басқалары қатысты.
Алғы сөз ҚХА төрағасының орынбасары – ҚР ПӘ ҚХАХ меңгерушісі Марат Әзілхановқа берілді. Ол мемлекет басшысының саяси реформалар бағдарламасында ұлтты біріктіру мәселелері ерекше орын алатынын, мемлекет бүгінде этносаралық қатынастар мәселелері бойынша ғалымдардың, сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдерінің сыни алдын алуға бағытталған бағалауы, ұсынымдары мен ұсыныстарына ерекше мұқтаж екендігін атап өтті.
Еркін Әбіл өз сөзінде ұлттық тарихты репрезентациялауда жаңа әдіснамалық тәсілді әзірлеу қажеттігіне назар аударды. Бұл ұлттық тарихтың әлемдік тарихқа қосқан объективті үлесін, оның бүкіл адамзаттың дамуына әсерін көрсету үшін ерекше маңызды.
Зарема Шаукенованың пікірінше, Қазақстан халқы Ассамблеясының пулын Мәжілістен Парламент Сенатына ауыстыру Мемлекет басшысының бейбітшілікті сақтау және ұлт бірлігін нығайту саясатына деген ұстанымын көрсетеді. Сенаттағы ҚХА квотасы – бұл заң шығару қызметінде жалпыұлттық бірлік пен этносаралық келісім постулаттарының сақталуын айқындайтын нақты артикуляция.
Анар Фазылжанова өз кезегінде, ұлттық идеологияның құралы да, өзегі де – тіл, мемлекеттік тіл, деген пікірді білдірді. Оның айтуынша, Қазақстан азаматтарының санасында ортақ түсініктер, құндылықтар, мәдени кодтар, ізгі ахлақ стереотиптері орныққанда, олар әр тұлғаның күнделікті ойлау, әрекет ету «программасын» басқарғанда, жалпымемлекеттік бірегейлік орнайды. Ал бұлардың барлығының сақтаушы, жинақтаушы, жүйелеуші, таратушы мықты әмбебап құралы – мемлекеттік тіл.
Іс-шара соңында ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің құрамына жаңа мүшелерді қосу мәселесі талқыланып, қатысушылар еркін форматта пікірлерімен алмасты.