ҚазЖолҒЗИ жол битумы сапасын арттыру бойынша зерттеулер жүргізуде
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Асфальт жолдардың сапасы мен ұзақ мерзімге шыдамдылығы технологияларды сақтауға және жол жабыны жасалатын материалдарға байланысты.
Атап айтқанда, битумның қышқыл жыныстардың минералдық толтырғышымен нашар байланысы - жолдың мерзімінен бұрын бұзылуының негізгі себептерінің бірі.
Қазақстанда және шет елдерде жолдарды пайдалану барысында минералдық материалға су тигенде қиыршық тас дәндерін тез ылғалдандырып, битум пленкасын аршып тастайтыны анықталды. Ал байланыстырғыштың бөлінуі адгезия беріктігінің жеткіліксіздігіне байланысты болады.
2021 жылғы шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы жолдардың жоғары сапасын қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды. Осыған байланысты ҚазжолҒЗИ-де жол төсемін дайындаудың жаңа технологияларын зерделеуге бағытталған бағдарлама іске асырылуда. Соның аясында битумды байланыстырғыштың түрлі температурада минералдық материалдармен үйлесімін бағалау бойынша диэлектрлік өткізгіштігін анықтау әдісімен сынақтар жүргізіледі. Сондай-ақ, Институт зертханаларында BBR, DSR және PAV құрылғыларындағы Суперпейв жүйесімен түрлі жабысқақ қоспалардың битумдардың тозуына қаншалықты әсер ететіні анықталады.
ИИДМ баспасөз қызметінің мәліметінше, пайдаланылған әдістерді талдау түрлі температурада байланыстырғыштардың тас материалдарына адгезия мөлшерін бағалауға және тың деректер алуға мүмкіндік береді. Оларды жабысқақ көрсеткіші жоғары байланыстырғыштар құрамын және берік асфальт-бетон қоспаларын жасауға пайдалануға болады.
Сонымен қатар, зерттеу барысында түрлі жыныстардағы минералдық материалдарға химиялық және құрылымдық талдау жүргізілді. Пайдаланылатын тас материалы морфологиясының битуммен байланыс әсері анықталады. Минералдық материалдардың химиялық құрамының деректеріне сүйене отырып, олардың қандай да бір жол технологияларына қолданылуына баға беріледі.
Зерттеу нәтижелері түрлі климаттық жағдайда асфальт-бетон жабынының оңтайлы компоненттерін (байланыстырғыш, жабысқақ қоспалар және тас материалдары) таңдауға және сол арқылы жолдардың қызмет ету мерзімін 3 жылға арттыруға, сондай-ақ оларды күтіп ұстау кететін шығынды 15%-ға азайтуға мүмкіндік береді.