«ҚазжолҒЗИ» Қазақстан бойынша 50-ге жуық тас карьерін зерттейді

Алматыда «ҚазжолҒЗИ» АҚ зертханасында жол-құрылыс материалдары мен инновациялық технологиялардың бірыңғай деректер базасы әзірленді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

«ҚазжолҒЗИ» АҚ зертханасында журналистерге арналған баспасөз туры ұйымдастырылды. Бұл жерде қызметкерлердің жұмыс барысымен танысуға мүмкіндік туындады. 

Аталған институттың зертханалары еліміз бойынша сегіз облысты қамтиды. Сондай-ақ 40-қа жуық қиыршық тас карьерлерінен іріктеп алынған материалдар зерттеуге жіберілген.

Қазіргі уақытта «ҚазжолҒЗИ» АҚ Қазақстан Республикасы аумағындағы карьерлер мен фабрикаларға, жер қойнауын пайдаланушылардың барлық инертті материалын зертханалық тексеру жұмыстарын жүргізуде. Бүгінгі таңда сегіз облыста (Алматы, Жетісу, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Қарағанды және Ұлытау) зерттеулер мен зертханалық жұмыстар жүргізілді. Зертханалық зерттеулерден кейін нәтижелер жол-құрылыс материалдары мен инновациялық технологиялардың бірыңғай базасына енгізіледі. Айта кетейік, «ҚазжолҒЗИ» Қазақстан бойынша 49 қиыршық тас карьерін зерттейді, - дейді жол құрылыс материалдарының және жаңа технологиялар департаментінің директоры Әсел Нұғманова.

Еске салайық, карьер материалдары туралы ақпарат цифрландырылып, жаңа технологиялар мен жол-құрылыс материалдарының бірыңғай базасына енгізілген. Сондай-ақ базадағы деректерді кімдер пайдаланатыны айтылды.

Бірыңғай деректер базасын енгізу жол-құрылыс материалдарының белгілі бір өндірушілердің мүдделігін жоюға және карьерлердің немесе өндірістердің бар-жоғы туралы мәліметтерді бұрмалауға жол бермеуге, сондай-ақ жол-құрылыс материалдарының сапасы мен қолданылуы, көлемі мен қоры туралы шынайы мәліметтерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жол инфрақұрылымының жақсаруы экономиканың дамуына ықпал етеді. Неғұрлым берік және сенімді жолдардың болуы - оларды жөндеу мен күтіп ұстау құнын төмендетеді. Сондай-ақ өңірлер мен елдер арасындағы көлік қатынасын жеделдетіп, сауда мен инвестицияның өсуіне ықпал етеді, - дейді Нұғманова.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы