Қазылған көшелер мен көтерілген шаң: Алматылықтар неге шағымданып жүр?
Алматыда жаяу жүргіншілер жүретін жолдарды абаттандыру жұмыстары қарқын алғанымен, бірқатар көшеде тұрғындар қолайсыздыққа тап болып отыр. Қазылған жолдар мен тротуарлар шаңға көміліп, кей аумақтарда жаяу жүргіншілердің қатынауы қиындаған. Тұрғындардың айтуынша, әсіресе құрғақ күндері ауаға көтерілген шаң күнделікті қозғалысқа кедергі келтіріп, қауіпсіздік мәселесін де өзекті етіп отыр.
Алматылық тұрғындардың бірі әлеуметтік желіде жөндеу жұмыстары жүріп жатқан аумақта жаяу жүргіншілерге арналған жолдың болмауы тұрғындарға қолайсыздық туғызып жатқанын жазған. Әсіресе балалар арбасымен жүрген ата-аналар мен қарт адамдар қазылған жерлерді айналып өтуге, кейбірі қопарылған аймақпен мәжбүр.
Тағы бір тұрғын шаң басқан көшені көрсетті.
Тағы бір алматылық көшедегі құрылыстың салдары туралы ашып жазған. Оның сөзінше, бұл аймақта бір ай бұрын үлкен шұңқыр болған.
Сол кезде де шаңның арасымен айналып өтетінбіз, бұл туралы осында жазған едік, бірақ мәселе әлі шешілген жоқ. Неліктен жолды бірден толық асфальттап тастауға болмайды? Қазір жаңбыр жауып, тұрғындар батпақ кешіп жүруге мәжбүр, - дейді тұрғын.
Алматылық тұрғынның сөзінше, жақын маңда тұрған физика-математика мектебінің алдында жаңбыр суын ағызатын жүйе болмағандықтан, су жиналып қалады, салдарынан өтіп бара жатқан көліктер жаяу жүргіншілерге су шашады екен.
Ал бұл Жароков көшесіндегі жағдай.
Құрылыс жұмыстары аяқталмаған учаскелер тұрғындарға қолайсыздық туғызып жатыр.
Құрғақ күндері құрылыс алаңдарынан көтерілген шаң айналаны басып қалады.
Тұрғындардың айтуынша, шаң күнделікті жүріп-тұруға кедергі келтіріп қана қоймай, денсаулыққа да әсер етуі мүмкін.
Кейбір құрылыс жұмыстары тұрғын үйлерге жақын аумақта жасалып жатқандықтан, тұрғындардың сөзінше, жөндеу жұмыстары кезінде шаң үйлерге де кіріп, әбігерге салған.
Кей жерлерде тротуар толықтай қазылып, жаяу жүргіншілерге арналған жол уақытша жабылған.
Ал кейбір аймақтар қоршалып тұр.
Әсіресе балалар арбасын итерген ата-аналар мен егде жастағы адамдар үшін қозғалыс қиындаған.
Кей учаскелерде уақытша өткелдер қарастырылғанымен, олардың барлығы бірдей қолайлы емес.
Айта кетейік, күні кеше Алматы әкімі Дархан Сатыбалды көшелерді көркейту және қоғамдық кеңістіктерді дамыту жобаларының жүзеге асырылу барысы бойынша кеңес кезінде көркейту жобалары бойынша мердігерлерге шара қабылдауды тапсырған болатын.
Дархан Сатыбалдының айтуынша, биыл қалада көшелер мен жағалауларды көркейту, жаңа қоғамдық кеңістіктер құру, тұрғын үйлердің қасбетін жөндеу және аумақтарды көгалдандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Оның айтуынша, тұрғындар жалпы жүргізіліп жатқан жұмыстарға түсіністікпен қарайды. Өйткені қалалық инфрақұрылымды жаңарту қажеттігін көріп отыр. Алайда құрылыс жұмыстарының қалай ұйымдастырылғанына қатысты мәселелер бар. Шаһар басшысы Қала құрылысын бақылау басқармасына жұмыстардың сапасы мен орындалу мерзімін, қауіпсіздік талаптарының сақталуын және құрылыс үдерістерінің ұйымдастырылуын тексеруді тапсырды.