«QazVac» ең көп зерттелген вакцина - Бағдат Қожахметов
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Журналист Бағдат Қожахметов бүгін Алматыдағы MegaPark ойын-сауық орталығына келіп отандық екпені алғашқылардың бірі болып салдырды.
Журналист, былтыр Денсаулық министрлігіне үш ай көмектесіп, вакцина жасау жұмыстары қолға алынған кезден бері бақылап жүргенін айтады.
Қазақстандық «QazVac» вакцинасы қазіргі ең сапалы екпе. Өйткені былтыр індет басталғалы наурыз айынан бері бір жыл бойы зерттеліп, терең тексеріліп, барлық сынақтан өтті. Менің ойымша бұл әлемдегі ең көп зерттелген және қауіпсіздігі жоғары вакцина. Өзім осы вакцинаның шығуын күттім, бүгін міне оны қуана салдырдым. Жағдайым жақсы, ешқандай кері әсері байқалмады,-дейді ол.
Сонымен қатар ол отандық вакцина ең көп зерттеуден өткен вакцина екенін айтты.
Былтыр індет алғаш тарағанда әлем елдері вакцина жасауды қолға алды. 5-6 мемлекет 7-8 айда жасап шығарса, отандық вакцина 1 жыл бір айда дайын болды. Яғни бұл вакцинаға көп уақыт бөлінді және сапасы да жоғары болып шықты. Бұл инактивтік вакцина, яғни вирусты өлтіріп оны адам денесіне егеді, соның арқасында денсаулыққа зиянды әсері өте төмен. Сондықтан осы вакцинаны салдыруды жөн көрдім және барлық қазақстандықтарды осы екпені салдыруға шақырамын. Тек вакцинацияның арқасында коронавирусты жеңе аламыз,-дейді Бағдат Қожахметов.