«ҚазҮнді-2023» оқу-жаттығуы басталды
Жамбыл облысында Қазақстан мен Үндістанның «ҚазҮнді-2023» оқу-жаттығуы басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Гвардейск гарнизонының танк бригадасы алаңында Қазақстан мен Үндістанның қорғаныс ведомстволары арасындағы екіжақты ынтымақтастық жоспарында көзделген бірлескен оқу-жаттығудың салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Әскери қызметшілерге қарата «Оңтүстік» ӨңҚ қолбасшысының жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары полковник Бауыржан Күреңкеев пен үнді контингентінің командирі полковник Машин Пант сөз сөйледі.
Қазақстан мен Үндістан жаттығулары бесінші рет өткізіліп жатыр. Жылдан жылға үнді әріптестермен қарым-қатынас та нығайып келеді. Осындай бірлескен маневрлер басқару органдарының жедел топтасуын және бөлімшелердің үйлесімділігін арттыруға бағытталған. Оқу-жаттығу барысында командирлер іс жүзінде қарулы күрестің күш-құралдарын басқаруға машықтанады, – деп атап өтті полковник Бауыржан Күреңкеев.
Қазіргі жаттығулардың ерекшелігі – қатысушылар құрамын арттыру. Құрлық әскерлерінің бөлімшелерімен қатар бұл жаттығуға екі елдің Әскери-әуе күштерінің әскери ұшқыштары, сонымен қоса Қазақстан Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері де жұмылдырылды.
Мұндай оқу-жаттығудың жылда өтуі Үндістан мен Қазақстан Қарулы күштері арасындағы берік байланысты көрсетеді, – деп атап өтті Үндістан контингентінің командирі полковник Маниш Пант. – Жаттығулар біздің ортақ қауіпсіздігімізге ықпал етіп, өңірдің бейбітшілігі мен тұрақтылығын сақтау үшін маңызды.
Аумалы-төкпелі жағдайда әскери контингенттер терроризмге қарсы операция жүргізеді, сондай-ақ қалалық және ауылдық жерлерде қақтығыстардың тактикалық эпизодтарын пысықтайды. Қазіргі заманғы қауіп-қатерлерді ескере отырып, әуе шабуылына қарсы қорғаныс және радиоэлектрондық күрес мамандары шартты қарсыластың ұшқышсыз басқарылатын құрылғыларына қарсы іс-қимыл жасау міндеттерін орындайды.
«ҚазҮнді-2023» оқу-жаттығуы биылғы жылдың 11 қарашасына дейін жалғасатынын айта кетелік.