«Қазтеміртранс» филиалының директоры сыбайлас жемқорлық бойынша күдікке ілінді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазтеміртранс филиалының директоры сыбайлас жемқорлық бойынша күдікке ілінді.
Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлады.
Қостанай облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Қазтеміртранс» АҚ Қостанай филиалының директоры облыс кәсіпкерлерінен жүк вагондарын кедергісіз және жедел бергені үшін жүйелі негізде пара алғаны үшін әшкереленді, - делінген хабарламада.
Күдіктіге қатысты сот «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасын санкциялады.
Күдіктіге қатысты оның кінәсінің дәрежесін анықтай отырып, қорытынды шешімді сот қабылдайды.
Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіндегі өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Айта кету керек 19 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан кәсіпкерлерімен кездесу өткізді. Осы кездесуде Мемлекет басшысы бизнестің жұмысына заңсыз кедергі жасау мемлекет мүддесіне қарсы бағытталған қылмыс ретінде қаралуға тиіс екенін атап өтіп, басым міндеттердің бірі – бизнеске қысым көрсету факторларын анықтаудың неғұрлым тиімді жүйесін құру екенін айтты.