«Қазпоштаның» басшысы тағайындалды
«Самұрық-Қазына» АҚ басқармасының шешімімен «Қазпошта» АҚ басқармасының төрайымы болып Әсел Жанасова тағайындалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
2020 жылдың шілдесінен бастап қазіргі тағайындалуына дейін Әсел Жантасова ҚР сауда және интеграция вице-министрі қызметін атқарды. Онда сауданы цифрландыру, төлем жүйелерін дамыту және цифрлық банкинг саласындағы жобаларға жетекшілік етті.
Айта кетейік, Әсел Жанасованың Сауда және интеграция министрлігіндегі жұмысының негізгі нәтижелерінің бірі Amazon және Ebay сияқты американдық компаниялармен, жаппай сұранысқа ие тауарларды интернет-сату саласындағы көшбасшылармен келісім жасасу болды. Мәселен, 2021 жылдан бастап Қазақстан сайтта тікелей тіркелуге рұқсаты бар елдер тізіміне енді. Осының арқасында қазақстандық кәсіпкерлер халықаралық алаңдарда сауда жүргізуге мүмкіндік алды.
Жалпы, Әсел Жанасованың жергілікті және халықаралық IT-жобаларды жүзеге асыруда 10 жылдан астам тәжірибесі бар.
2010 жылы Президенттің «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша Кембридж университетінде информатика саласындағы бакалавр дәрежесін алды. 2014 жылы Кембридж университетінің магистратурасын, М.Ломоносов атындағы ММУ-ді «Executive Management» бағдарламасы бойынша бітірген.
2010 жылдан 2014 жылға дейін Әсел Жантасова Лондон қаласындағы Eurasian Natural Resources Corporation PLC компаниясының ақпараттық технологиялар қауіпсіздігі департаментінің директоры қызметін атқарды. Ол команданы басқарды және әртүрлі елдерде (Қазақстан, Африка, Еуропа, Қытай және Ресей) ірі Стратегиялық жобаларды енгізді.
2014-2016 жж. аралығында Ұлттық банктің «Банктік сервис бюросы» РМК директорының кеңесшісі, Ұлттық банкттің Цифрлық технологиялар департаментінің директорының орынбасары болды.
2016-2017 жж. аралығында «Зерде» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрайымы қызметін атқарды.
2017-2018 жылдары «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) басқарушысының кеңесшісі болып жұмыс істеді. Сауда және интеграция вице-министрі лауазымына тағайындау алдында 2018 жылдан 2020 жылға дейін АХҚО цифрлық технологиялар жөніндегі басқарушы директоры лауазымын атқарды.
2019 жылы Әсел Жанасова «Innovate Finance» жаһандық рейтингіне сәйкес қаржы технологиялары саласындағы (Woman in Fintech Powerlist) әйел-көшбасшылар тізіміне енді. Сондай-ақ, «Қазақстанның 100 жаңа есімі 2019» жобасының жеңімпазы.
2022 жылы ғылыми-техникалық зерттеулерді қаржыландыру және таланттарды дамытуға инвестициялау мақсатында американдық миллиардер Эрик Шмидт негізін қалаған Халықаралық қайырымдылық ұйымы – «Schmidt Futures» Қорының бағдарламасының Азия өңірі бойынша әлемнің 20 талантына кірді.