Қазпошта Барыс жылына арналған марка шығарды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін, 24 маусымда "Шығыс жұлдызнамасы"сериясынан "Барыс жылы" тақырыбындағы пошта маркасы айналымға енгізіледі. Номиналы 900 теңгелік марка 10 000 данамен шығарылады.
Бұл туралы "Қазпошта" АҚ баспасөз қызметі мәлімдейді.
Бір маркалы пошта блогының көлемі 80 х 80 мм, ал диаметрі - 40 мм. Офсеттік баспа, 4 бояуда, перфорациялық. Ультракүлгін бояуы бар және лакталған қорғаныс элементтерінен тұрады.
Сонымен қатар, 2022 жылғы 28 маусымда Қазпошта "Мемлекет саясаты" сериясынан "Қайырымдылық" тақырыбында пошта маркасын айналымға шығаруды жоспарлап отыр. Пошта маркасының номиналы - "С" литері (380) теңге. Бұл Қазақстан Республикасының жер үсті көлігімен салмағы 50 граммға дейінгі тапсырысты хатты жіберу тарифіне сәйкес келеді. Таралымы 9 мың дана. Офсеттік баспа, 4 бояуда, перфорациялық. Пішіні- 6 маркадан тұратын парақ. Өлшемі 18 х 40 мм. Маркада ультракүлгін бояумен қорғаныс элементтері қолданылған. Пошта маркасының эскизін Президенттік бағдарламаларды қолдау қоры ұсынып, әзірлеген.
Қазпоштаның осы маркалары ел аумағындағы пошта айналымына ғана жоспарланған.