23 Қазан 2026, 14:09 Фото: gov.kz

«ҚазМұнайГаз» «Лукойлмен» бірлескен жобаның тағдырын шешу жолдарын қарастырып жатыр

«ҚазМұнайГаз» ресейлік «Лукойл» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Қаламқас-теңіз – Хазар» жобасын іске асырудың жолдарын іздестіруді жалғастырып жатыр. Санкциялық шектеулерге байланысты жобаны жүзеге асыру уақытша тоқтатылған. Бұл туралы ұлттық компанияның басқарма төрағасы Асхат Хасенов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Журналистер жобаның алдағы тағдыры туралы сұрағанда, ҚМГ басшысы «Лукойлдың» компания үшін стратегиялық серіктес болып қала беретінін айтты. Сонымен қатар жобаны жүзеге асыруға қажетті қаржыландыруды тарту негізгі кедергілердің бірі болып отыр.

«Біз әріптестерімізбен, яғни стратегиялық серіктесіміз “Лукойлмен” қазіргі шектеулерді ескере отырып жұмыс істеп жатырмыз. Қазір осы мәселелерді пысықтап жатырмыз. Ресми ақпарат болған кезде сіздерге хабарлаймыз. Жоба маңызды, оны жүзеге асырудың жолдарын үнемі іздестіріп келеміз. Қалған ақпараттың бәрі құпия», – деді Асхат Хасенов.

Еске салайық, 2026 жылғы наурызда «ҚазМұнайГаз» ресейлік серіктесіне қатысты санкцияларға байланысты «Қаламқас-теңіз – Хазар» жобасын одан әрі іске асыру уақытша тоқтатылғанын хабарлаған болатын.

ҚМГ-ның ресми мәліметінше, жобадағы «ҚазМұнайГаз» бен «Лукойлдың» үлесі 50 пайыздан. Жоба Каспий теңізінің Қазақстанға тиесілі секторындағы мұнай-газ кен орындарын игеруді көздейді.

ҚМГ-ның 2025 жылғы жылдық есебінде санкциялық шектеулер халықаралық сақтандыру қорғанысын алуды қиындатқаны айтылған. Мұндай сақтандыру сыртқы қаржыландыру тарту үшін қажет. Қазір тараптар жобаны одан әрі жүзеге асырудың ықтимал нұсқаларын қарастырып жатыр.

Әзірге жұмысты қашан қайта бастауға болатыны туралы нақты мерзім жарияланған жоқ.