«Қазмұнайгаз» акцияларын сатып алуға жазылу аяқталуға жақын
2 желтоқсан күні сағат 15:00-де жеке инвесторлардың «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) акцияларын сатып алуға жазылу аяқталады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазір қазақстандық мұнай-газ өнеркәсібі көшбасшысының бір акциясы 8406 теңге деп белгіленген. 8 желтоқсанда бағалы қағаздар екінші қолға өтетін сауда-саттық басталады. Сол кезден бастап сыртқы факторлар, сұраныс пен ұсыныс ара-қатынасын ескере отырып, ҚМГ акцияларының бағасын нарықтың өзі белгілейді.
Болашақ акционерлер кірісті екі жолмен алуы мүмкін. Біріншісі – дивиденд, екіншісі - акциялар құнының өсуі. Компанияның дивиденд саясаты жарияланды. Ол бойынша қарапайым акционерлерге дивиденд компанияның қаржылық-экономикалық жағдайына байланысты төленетін болады. Дивиденд төлеудің негізгі шарттары – меншікті капиталдың оң болуы, есепті кезең соңында жиналған таза кіріс немесе бүтін пайда, сондай-ақ бос ақша ағымының болуы. Яғни, есепті кезең соңында міндетті операция, салық, пайыз және күрделі шығындарды жапқаннан кейін компанияның иелігінде ақшалай қаражат қалуы керек.
Дивиденд саясаты бойынша, «ҚазМұнайГаз» өз акцияларын сатып алушыларға борыш жүктемесінің деңгейіне қарай, босаған ақшаның 30%-дан 50%-на дейінгі соманы дивиденд түрінде төлейтін болады.
Болашақта ҚМГ-да бос ақша ағымы өседі деп болжауға бола ма? 2021 жылдың қорытындысы бойынша бос ақша ағымының көлемі шамамен 1,6 млрд долларды құрады. 2022 жылы мұнай бағасының көтерілу тренді «ҚазМұнайГазға» биылғы жыл соңында бос ақша ағымын арттыруға мүмкіндік береді. Ал одан кейінгі жылдары компанияның кірісі мен таза пайдасының, сондай-ақ бос ақша ағымының артуына өндірістің өсуі ықпал етпек.
ҚазМұнайГаздың елдегі ірі жобаларда үлесі бар. Олардың жалпы өндірісі елдегі барлық мұнай өндірісінің шамамен 65%-ын құрайды. Атап айтар болсақ, ол: Теңіз (жылына 26,6 млн тонна), Қашаған (жылына 16,2 млн тонна) және Қарашығанақ (жылына 10,3 млн тонна) кен орындары. Мысалы, ҚМГ үлесі 20%-ға тең Теңізде мұнай өндіруді 40%-ға ұлғайту жоспарлануда. Қашағандағы өндіру көлемі жоспарлаған деңгейге дейін ұлғаяды. Айтпақшы, Қашағандағы ҚМГ үлесі 2022 жылғы қыркүйектен бастап 8,44-тен 16,88%-ға өсті.
ҚМГ-ның бұдан да ірі активі бар. Ол - «Маңғыстаумұнайгаздағы» (жылына 5,9 млн тонна) 50%-дық үлес. Компанияның «Өзенмұнайгаз» (жылына 5,3 млн тонна) және «Ембімұнайгаздағы» (жылына 2,5 млн тонна) үлесі 100 пайыз.
Бұдан басқа, ҚМГ-ның елдің ішкі және экспорт нарықтарына шығатын барлық мұнай құбыры жобаларына қатысы бар. Тасымалдау саласында компанияның «ҚазТрансОйл»-да 90%, «Каспий құбыр консорциумында» (КҚК) 20,75%, Қазақстан-Қытай құбырында 50% және «МұнайТас» компаниясында 51% үлесі бар.
Компанияның мұнай-газ секторында жетекші орында болуын Атырау және Павлодар мұнай өңдеу зауытындағы 100%-дық үлесі, сондай-ақ Шымкент мұнай өңдеу зауытындағы 50%-дық үлесі қамтамасыз етеді.
Осылайша, ҚазМұнайГаз – елдегі экономика мен қор нарығын есепке алғанда ең ірі компаниялардың бірі болады. Өткен жылы мұнай мен газ конденсатын өндіру 21,7 млн тонна деңгейіне тұрақтады. Бұл – Қазақстандағы бүкіл мұнай мен газ конденсаты өндірісінің шамамен 25%-ын құрайды. Бұл – бірлескен кәсіпорындар мен қауымдастырылған компаниялардағы ҚМГ үлесінің жиынтық нәтижесі.
Алайда, ҚМГ инвесторларды болашақта төленетін дивидендтерімен ғана қызықтырып отырған жоқ. Компанияның бос ақша ағымының бір бөлігі жаңа инвестициялық жобаларға салынады. Бұл өз кезегінде компания мен оның акциялар құнының өсуіне әкелуі мүмкін. Инвестиция талдаушыларының бағалауынша, IPO-ға шыққан соң ҚМГ акциялары құнының өсу мүмкіндігі ұсынылған бағаның 32%-дан 52%-на дейін жетуі мүмкін.
Бұнымен қатар, компания геологиялық барлау саласында да бірқатар жобаларды іске асыруда. Оған «Торғай палеозой» және «Қаратон-Сарықамыс» жобалары жатады. ҚМГ Каспий теңізінің қайраңындағы барлық барлау жобаларына қатысады. Тәуекелдер мен шығындарды тең көтеру үшін «Абай», «Исатай», «Жеңіс», «Әл-Фараби» сияқты теңіз жобалары халықаралық серіктестермен бірге жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, ҚМГ портфелінде «Қаламқас» және «Хазар» кен орындары бар. Ондағы мұнай қоры расталған, ал игеру жақын арада басталады деп жоспарланып отыр.
Ұлттық компания мұнай-газ химиясы саласындағы жобаларды да жүзеге асыруда. 2022 жылғы 8 қарашада жылына 500 мың тонна өнім шығаратын қуаты бар полипропилен өндіру зауыты іске қосылды. Компания болашақта полиэтилен шығаруды да жоспарлап отыр. Инвестициялық компаниялардың сарапшылары осы факторлардың барлығы бос ақша ағымын әртараптандырып, мұнай бағасы айтарлықтай құбылған жағдайдың өзінде де компания тұрақтылығын сақтап қалады деп санайды.
Естеріңізге сала кетейік, «ҚазМұнайГаз» акцияларын сатып алуға жеке инвесторлар брокерлік компаниялар және олардың мобильді қосымшалары арқылы, Tabys мобильдік қосымшасының көмегімен және Қазпошта бөлімшелерінде 2022 жылдың 2 желтоқсанына дейін өтінім бере алады.