«Қазмұнайгаз» акционері болу үшін не істеу керек?
Отандық ұлттық компаниялардың акцияларын сатып алу және салым жасап, одан дивиденд алу – қазақстандықтар үшін үлкен мүмкіндік, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың жазында «Астана» халықаралық қаржы орталығын басқару кеңесінде (AIX) мәлімдеген еді.
Қазақстандағы қор нарығының даму қарқыны жақсы. Жеке инвесторлар саны жылдан жылға көбейіп келеді және біршама отандасымыз бағалы қағаздарға инвестиция салу механизмдерін толық игеріп алды. Алайда халықтың едәуір бөлігі мұндай деңгейге әлі жете қойған жоқ. Сарапшылардың пікірінше, бұл іске жаңа аяқ басқан инвестордың біркелкі актив сатып алуға көзсіз кіріспегені абзал. Қоржындағы жекелеген құнды қағаздардың бағасы түсіп кеткен жағдайда бағалы қағаздардың әр алуан болуы – инвесторды тақырға отырудан қорғайды.
Инвестор үшін сөзсіз табыс әкелетін акциялардың бірі – отандық ірі мұнай-газ компаниясы – «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ акциялары екені даусыз. «Самұрық-Қазына» қорының өкілдері 2022 жылдың соңына дейін мұнай-газ өнеркәсібі көшбасшысын AIX және KASE қор биржаларына IPO (ағылш. Initial Public Offering) шығаратынын мәлімдеді. Бұл дегеніміз - ел азаматтары «ҚазМұнайГаз» акцияларын сатып ала отырып, компанияның тең иегері бола алады деген сөз. «Бұл IPO – ел үшін жақсы шешім, - дейді экономист Алмас Чукин.
«Ол компанияны сауықтырып, мемлекеттік емес, нарықтық тәсілдердің арқасында басқаруды жақсартады. Қазатомөнеркәсіптің, KEGOC және Каспидің IPO-дағы жетістігі қазақстандық компанияларға деген сұраныс пен сенім бар екенін көрсетеді», - деп атап өтті сарапшы.
Акциядан түсетін кірісті екі жолмен алуға болады. Бұл – олардың баға құны өскен жағдайда акция сатудан түскен табысы немесе компанияның өз акционерлеріне төлейтін дивидендтері болуы мүмкін. «Инвестиция салуға қызығушылық туғызу үшін біз ел азаматтарына дивидендтерге деген сенімді арттыратын арнайы шаралар қолданамыз. Әңгіме алдағы үш жылға арналған дивидендтердің ең төменгі мөлшері туралы. Компанияның қаржы тұрақтылығына кері әсерін тигізбесе, онда төленеді. Ол IPO алдында жарияланады, - деді «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Дәурен Қарабаев.
Осы жоспарланған IPO аясында Қазақстан азаматтарының «ҚазМұнайГаз» акцияларын сатып алуы үшін барлық қажетті инфрақұрылым дайындалды. Сатып алу үшін брокерлер, Tabys мобильді қосымшасы, сондай-ақ «Қазпошта» бөлімшелері арқылы өтінім беруге болады.
Брокерлік компаниялар арқылы акция сатып алу – кең таралған әдіс. Брокерлік шот ашу арқылы инвесторлар биржада өз акцияларымен түрлі операциялар жасай алады. Мысалы оларды сату немесе өсу-құлдырау жағдайын бақылай отырып сатып алуға болады. Брокер таңдау кезінде оның қай жерде орналасқанына (яғни, брокерлік компанияның сіз тұратын қала/елді мекенде филиалы бар-жоғына), комиссия мөлшері, брокер қызметіне онлайн режимде қол жеткізу сияқты параметрлерге назар аударасыз.
Брокерлік компаниялар өз жұмысында цифрлық технологияларды белсенді қолданады және олармен тек кеңсеге барып-келіп қана емес, сонымен қатар арнайы веб-платформалар немесе жұртқа кеңінен таныс мобильді қосымшалар арқылы да байланыс орнатуға болады. Мысалы, қазақстандықтар арасында танымал Halyk Homebank қосымшасында брокерлік шот ашу және бағалы қағаздарға инвестиция салу мүмкіндігі қарастырылған. Жалпы алғанда, брокер таңдауда жеке қалауыңызға немесе тәжірибелі инвесторлардың ұсыныстарына сүйене аласыз. Бірақ брокерде лицензияның бар-жоғын, KASE және AIX қор биржаларының сайттарындағы брокерлік компаниялар тізіміне енгенін тексеріп алу шарт. Ол тізімде брокерлік компанияның барлық байланыс деректері көрсетілуі керек.
Акцияға инвестиция салуды жоспарлау кезінде, әрине, болуы мүмкін тәуекел, қатерлерді де ескеру қажет. Өйткені акциялардың кірісті болуы мен салынған инвестицияның сақталуына кепілдік жоқ. Мысалы, дивиденд төлеу компания жұмысының нәтижелілігіне байланысты, ал қолайсыз факторлар туындаған жағдайда акциялардың құны сатып алған бағасынан да төмендеп кетуі мүмкін. Бұл жағдайда инвесторлар шығынға ұшырауы да ғажап емес.
Жаңа бастаған инвесторлар алдағы IPO-ға халықтың жоғары қызығушылығын пайдаланып, акциялардан жылдам кіріс алуды ұсынатын алаяқтарға алданып қалмауды ойлағаны да жөн. Брокердің кез келген кіріске кепілдік беруі – сіздің алаяқпен сөйлесіп отыруыңыз мүмкін деген белгі.
Құнды қағаздарға сәтті инвестиция салу үшін не істеу керек? Ең бастысы – инвестиция салу негіздерінен хабардар болу, тек тиісті лицензиясы бар сенімді брокерлерге ғана сенім арту, тәуекел жағдайларды есте сақтау және сенімді дереккөздердің ақпаратына ғана құлақ аса отырып, оң-терісін салмақтап барып шешім қабылдау.