29 Қазан 2026, 06:35 Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қазмедиа орталығында кітап оқуға арналған жаңа алаң ашылды

Алаң сөрелеріне 800-ден 1 000-ға дейін кітап жинақтау жоспарланып отыр.

«Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы «Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасы аясында Қазмедиа орталығының коворкинг аймағында қызметкерлерге арналған кітап алаңын ашты.

Бастаманың мақсаты – ұжым арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, әдебиетке деген қызығушылықты арттыру және қызметкерлердің кәсіби білімін жетілдіру. Алаң сөрелеріне 800-ден 1 000-ға дейін кітап жинақтау жоспарланып отыр. Қызметкерлер басылымдарды өздеріне қолайлы уақытта оқи алады. Сондай-ақ бастаманы жүйелі жалғастыру үшін ұзақ мерзімді іс-шаралар жоспары әзірленеді.

Кітап алаңының ашылу рәсімінде ақын, «Қазақстан» телерадиокорпорациясы Телехикаялар өндірісі бөлімінің шеф-редакторы Олжас Қасымның екі жыр жинағы таныстырылды.

Корпорация кітап оқу мәдениетін телеарналар, радио және цифрлық платформалар арқылы да насихаттап келеді. Эфирде әдеби мұраға арналған бағдарламалар көрсетіліп, жасанды интеллект технологияларының көмегімен қазақ ертегілерінің анимациялық нұсқалары әзірленген.

Кітап оқу мәдениетін дамыту тақырыбы алты арнайы жоба мен 1 263 телебағдарламада қамтылды. Бұдан бөлек, көрермендерге 18 деректі фильм, 40-тан астам бейнеролик және 300-ге жуық радиохабар ұсынылды.