11 Наурыз 2026, 15:23 Фото: Сенат

Қазіргідей маңызды сәтте жұдырықтай жұмылу маңызды – Мәулен Әшімбаев

Спикер депутаттардың өңірлерге сапары туралы айтты.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жаңа Конституция жобасының ережелерін түсіндіру аясында Сенат депутаттарының өңірлерге сапарларын қорытындылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Палата спикері Мәулен Әшімбаев соңғы апталарда депутаттар 600-ге жуық кездесу мен тақырыптық іс-шара өткізгенін жеткізді.

Айтуынша, елдің барлық өңірінде кең аудитория қамтылды.

Конституциялық реформа осы жүйелі өзгерістердің дәйекті жалғасы. Басты мақсат – Тәуелсіздікті күшейту, мемлекеттілікті нығайту және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру. Жалпы, қазір бүкіл әлем жаңа кезеңге қадам басып жатқанын көріп отырмыз. Экономика, технология, қауіпсіздік жүйесі және халықаралық қатынас салалары түбегейлі өзгеруде. Бұл үдерістер бізден стратегиялық бағдарымызды айқындап алуды талап етуде, - деп атап өтті Сенат төрағасы.

Сонымен қатар ол осы орайда жаңа Конституция, ең алдымен, жаңа сын-қатерлерге берілген жауап екені сөзсіз деп отыр.

Бұл – жаһандық тұрақсыздық жағдайында елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін аса маңызды шешім. Сонымен қатар жаңа Конституция халыққа қызмет ететін және мемлекеттілікті одан әрі нығайтатын саяси жүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сол арқылы билік органдарының халық алдындағы жауапкершілігі және тиімділігі артады. Осылайша, саяси жүйе заманауи талаптарға сәйкес пәрменді әрі нағыз халық үнін еститін құрылым ретінде қалыптасады. Конституциялық реформа азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз етуге негізгі басымдық береді, - деді Сенат спикері.

Сондай-ақ ол жаңа Ата Заң жобасында адам, оның өмірі, құқығы және бостандығы мемлекеттің ең жоғары құндылықтары ретінде айқындалып отырғанын алға тартты. Сенаторлардың өңірлерге сапарларының қорытындысы халықтың жаңа Конституция жобасын қолдайтынын көрсеткен.

Сондай-ақ Палата деңгейінде өткізілген іс-шараларда еліміздегі жетекші сарапшылар, қоғам белсенділері, жастар да оң пікірлерін білдірді. Жалпы, Сенат Президентіміздің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан барлық реформаны әрқашан қолдайды. Қазіргідей маңызды сәтте де бәріміз Мемлекет басшысының саясаты аясында бірігіп, жұдырықтай жұмылып әрекет етуге тиіспіз. Шын мәнінде, бұл – ортақ жауапкершілік кезеңі. Әрбір азамат, әрбір мемлекеттік орган жаңа Конституцияда белгіленген мақсаттарды жүзеге асыруға атсалысуы қажет, - деді Мәулен Әшімбаев.