Қазіргі уақытта елдегі су қоймаларының жағдайы қалай?

Су ресурстары және ирригация министрлігі елдегі су қоймаларынан су жіберу бойынша ақпарат берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қостанай облысының Қаратомар су қоймасынан секундына 3250 текше метр су жіберіліп жатыр, су қоймасы 99%-ға толды, транзиттік режимде жұмыс істеп жатыр, су жіберу көлемі ұлғаюы мүмкін. Қостанай облысында су тасқыны жалғасуда. Қазіргі таңда министрлік пен әкімдік қызметкерлері су жіберу бойынша бірлесіп жұмыс істеп жатыр.

Солтүстік Қазақстан облысында Сергеев су қоймасынан секундына 3820 текше метр су жіберіледі, Петропавл су қоймасынан секундына 73 текше метр су жіберіледі, екі су қоймасы да 100% толы.Облыста су тасқыны жалғасып жатыр. Қазір осы облысқа су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов барып, су өткізуді реттеу жұмысын жеке қадағалап жүр.

Ақмола облысындағы Астана су қоймасы транзиттік режимге көшті, қазір секундына 400 текше метр су жіберіледі және тура сол көлемде су келіп жатыр. Ақмола облысының Селетин су қоймасынан секундына 150 текше метр су жіберіледі. Нысан 99,4%-ға толды.

Батыс Қазақстан облысында әлі күнге дейін Шаған өзені деңгейінің көтерілуі байқалады, мұнда секундына 680 текше метр су жіберіліп жатыр, Деркөл өзені бойынша су деңгейі төмендеді. Жайық өзенінде су тасқынының екінші толқыны күтіледі.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің ресейлік әріптестерімен алмасып жатқан деректеріне сүйенсек, бүгінде Ириклин су торабынан секундына 1680 текше метр су жіберіледі, ең жоғарғы белгі 4 сәуірде – секундына 2600 текше метр болған.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің қызметкерлері Батыс Қазақстан және Атырау облыстары әкімдіктерінің мамандарымен бірге Жайық өзенінің арнасын тазарту және су басуды азайту үшін кептелістің алдын алу бойынша жұмыс жүргізуде.

Қазіргі уақытта Ақтөбе облысының су қоймасында жағдай тұрақты. Нысан 97% толы, секундына 50 текше метр су жіберіліп жатыр. Қарғалы су қоймасы транзиттік режимде жұмыс істеп жатыр. Су қабылдау және өткізу көлемі секундына 350 текше метр.

Келесі аптаның басында Шығыс Қазақстан облысының су қоймаларында су тасқыны болады деп күтілуде. Бұқтырма су қоймасына күтілетін орташа ағын 1780-2720 млн текше метр, Шүлбі су қоймасына – 2380-3730 млн текше метрді құрайды.

Ертіс өзені бойынша су ағыны күтілуде, сондықтан Абай, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында әкімдіктер мен Су ресурстары және ирригация министрлігінің қызметкерлері су өткізу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қажетті іс-шараларды атқарып жатыр.

Қарағанды облысының су қоймаларында су тасқынының шарықтау кезеңі өтті, су қоймалары транзиттік режимге көшті.

Су қоймалары арқылы өзендердің ағынын реттеу нәтижесінде Қарағанды облысындағы су қоймаларынан төмен орналасқан елдімекендерді су басу қаупі барынша азайды.

Бүгінгі таңда негізгі күш-жігер өзендердің ағынын реттеу және тасқын суын өткізу үшін барлық гидротехникалық құрылыстар мен су қоймаларының қауіпсіз жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған. Барлық су шаруашылығы нысандарында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, су шаруашылығы жағдайына сағат сайын мониторинг жүргізіледі, су қоймаларынан су жіберу жөніндегі деректер әкімдіктерге және оперштабқа сағат сайын беріледі, - деп хабарлады министрліктің ресми өкілі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы