Қазіргі таңда ең шағын министрлікпіз - Саясат Нұрбек
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-де өтіп жатқан кеңейтілген алқа отырысында ведомствоның қазіргі күні ең кішкентай министрлік екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жарты жыл уақыт та өтіп кетті. Былтыр 16 маусымда Президенттің Жарлығымен Ғылым және жоғары білім министрлігі жаңадан құрылды, - деді Нұрбек.
Сөзінше, министрліктің құрылуының негізгі мақсаты - еліміздегі ғылыми қызметті үйлестіру және ғылыми зерттеу ұйымдарының жаңғыруы, олардың бәсекеге қабілетін арттыру және экономикаға қажетті сапалы кадрларды даярлау.
Қазіргі таңда министрлік толық құрылды. Министрліктің қарамағындағы орталық аппаратта 183 адам (штат саны - ред.) бар. Оның ішінде 4 комитет, бағынысты ЖОО саны 29, 24 ғылыми зерттеу институтты. Қазіргі таңда ең кішкентай министрлікпіз, - деп айтты ведомство басшысы.
Саясат Нұрбек Мемлекет басшысы министрліктің алдына ауқымды міндеттер қойып отырғанын қоса кетті.
Алқа отырысына Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов, Президент Әкімшілігінің және Парламент өкілдері, ЖОО ректорлары, ҒЗИ және ХӘҰ ведомстволық бағынысты ұйымдарының басшылары, сондай-ақ қоғам қайраткерлері, студенттер қатысып жатыр.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы аясында 2022 жылдың қорытындысы және 2023 жылға арналған міндеттер» туралы баяндайды.