Қазіргі саяси үдерістерден демократияға бет бұрғанымызды аңғарамыз – саясаттанушы

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың режимі жемқорлықпен күреске айрықша көңіл бөліп отыр.

Бұл туралы белгілі саясаттанушы, тарих ғылымдарының докторы Әзімбай Ғали айтты. Оның пайымынша, Президент құқықтық, саяси үрдістерді мейлінше демократиялық жолға бағыттауда. Ол дербес саясат жүргізіп, негізінен әлеуметтік-экономикалық мәселелерге мән беріп жатыр. 

Назарбаевтың бітірген үлкен ісі - ол нарықтық экономиканы жасады, шекарамызды шегендеді. Енді Тоқаев саяси реформаны ілгерілетуді қолға алды. Ал әзірге құқықтық, саяси үрдістерден мейлінше демократияға бет бұрғанымызды аңғарамыз,-дейді саясаттанушы.

Сонымен қатар спикер Президент халық үніне құлақ асатын мемлекет құру жолында қызмет етіп жатқанын және халықтың бұрыннан көтеріп жүрген мәселелерін шешуге тапсырма бергенін атап айтты. Оның ішінде РОП, яғни утильалымға және басқа да мәселелерге қатысты нақты міндеттер жүктеген.

Қасым-Жомарт Кемелұлы саяси жүйені демократиялауға жақындатып келеді. Бұрынғы Назарбаев билігі нарықтық экономиканы енгізгенімен, жемқорлық әрекеттеріне тоқтау бола қоймағанын жасыра алмаймыз. Енді Тоқаев сол жемқорлықты төмендетуге күш салып жатыр. Оның үстіне, қазір Ресей мен Украина арасындағы соғысқа байланысты әлем елдері Ресейдің жекелеген азаматтарына санция салып жатыр. Оның салқыны бізге де тимей қоймайды. Десе де, ел билігі екі мемлекеттің соғысына бейтараптық танытып отыр. Бұл – дұрыс, - деді Әзімбай Ғали.

Сонымен қатар ол Қаңтар оқиғасы кезінде Тоқаев нағыз Президентке тән мінез көрсетіп, әрекет ете білгенін жеткізді.

Бұған дейін көпшілік  Тоқаевты тым «жұмсақ» деп сынап келген еді. Қазір оның командасы іс жүзінде қалыптасты. Ресей, Қытай, АҚШ-пен тіл табысып отыр. Бастысы, ел терреториясының тұтастығы мен тыныштығымызды ойластыруда. Тоқаев жанына білікті, сауатты кадрларды жинап, Жаңа Қазақстанды құрамыз деп жатыр. Алда қандай өзгерістер болатынын уақыт көрсетеді. Бір білетінім, Президент жемқорлықпен күреске үлкен мән береді деп ойлаймын, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы