Қазір Украинада қанша отандасымыз бар? – СІМ жауабы
Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министр Украина жерінде жерінде қанша отандасымыздың жүргеніне тоқталды.
Бұл жағдайда ақпарат жинау өте қиын. Есепте 600-800 азамат тұрғаны бір бөлек. Ал қазір әскери қимылдар жүріп жатқан уақытта көптеген азамат Украинаны өз бетінше тастап қашып жатыр, есептеу қиын. Бірақ өтініш айтып жүгінгендер бар, консул Украина аумағында шамамен 200-дей азаматымыз бар деп болжап отыр, - деді ведомство басшысы Сенаттың кулуарында өткен баспасөз мәслихатында.
Айтуынша, адамдардың басым бөлігі эвакуацияланған.
Польшаға, Молдоваға эвакуация жасау үшін шекаралар ашық. Біздің елшілік шекараны асып өтуге ықпал етеді. Одан басқа, елшіліктің орналасқан орнын да сол жаққа (Варшаваға – ред.) ауыстырдық, - деді Мұхтар Тілеуберді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Сыртқы істер министрі Киевтегі Қазақстан елшілігінің толықтай эвакуациялануы немесе уақытша жабылу ықтималдылығына қатысты жауап берген болатын.