Қазір инвестор көп, бірақ дұрысын таңдау керек - кәсіпкер кеңесі
Он жылдан астам уақыт бизнес саласында жұмыс істеп, бірнеше стартап жобаларды қолға алған Нүркен Рзалиев тұлғалық дағдарысты бастан кешіп, өмірін өзгертуге бел байлаған. Алайда көп жылдық тәжірибесі жерде қалмай, халықаралық компанияға орналасып, бүгінде кәсібін енді бастаған кәсіпкерлерге өз ісін дөңгелетуге көмектесіп жүр.
New Ventures by inDrive инвестициялық директоры Нүркен Рзалиев BAQ.KZ тілшісіне мансап жолы, кәсіп бастау, стартаптарды инвестициялау, қазақстандық стартаптардың әлеуеті туралы сұқбат берді.
– Стартап саласына қалай келдіңіз?
– Орал қаласынанмын. Мәскеудегі оқуымды аяқтап, Алматыға келдім. 2011 жылы белгілі бір компаниясында жұмыс істей бастадым. Он жыл бойы компаниядағы барлық жұмысты істеп көрдім. Ақша да салдым, құрылтайшының бірі болдым, директорлар кеңесіне де кірдім. Біраз жобаларды жасадық, жақсы табыс таптық. Ол кезде стартаптар, IT компаниялар аз еді. Отыздан асқан соң тұлғалық дағдарысқа түсіп, бір орында тұрып қалғандай болдым. Бір компанияда он жылдай жұмыс істеген соң 2021 жылы жұмыстан шығамын деп шештім. Бір жылдай не істесем болады деп басым қатты Төрт таңдау тұрды. Біріншісі – Стэнфорд секілді шетелдік университетке түсіп, білімімді жетілдіру. Екіншісі – акселераторға ментор ретінде қатысып, стартаптарға көмектесу. Үшіншісі – халықаралық компанияда жұмыс істеу. Төртіншісі – өз компаниямды ашу. Стенфордқа түсуге дайындалып жүргенде, отбасымда бір жағдай болып, бара алмай қалдым. Біршама уақыт үш-төрт акселераторда жұмыс істеп, стартаптарға көмектестім. 2022 жылдың басында соғыс басталып, Ресейден компаниялар Қазақстанға көшіп келді. Достарым осы компанияға шақырды. Бұл компания туралы бұрыннан оқып, зерттеп жүрдім. Миссиясы ұнады. IPO-ға шығуды жоспарлайды. Осы компаниямен бірге әлемді өзгертуге үлес қосқым келеді.
– Венчурлық инвестиция туралы айтып өтсеңіз. New Ventures немен айналысады?
– Біз корпоративтік венчурлық бағдарламамыз. Компания атынан инвестиция жасап, стартаптарға көмектесеміз. Ең мықты founder-лар инвесторларды тек ақша үшін таңдамайды. 2011 жылы кәсіпкер болып, компания ашқанда инвестор табу қиын болды. Ол кезде инвестор деген сөзді ешкім білмейді. Стартапқа инвестиция тарту үшін бүкіл қалталы азаматтармен сөйлесіп шықтық. "Зауыт па, не бұл?" деп сұрайды. Жоқ дейміз. Кеңсе өзіңдікі ме дегенде жалға алдық дейміз. Тек сайт пен оны қолданатын қарапайым адамдар бар. Басқа ешкім жоқ. Ал мұны дәстүрлі кәсіпкерлер түсінбейтін. Инвестор табу қиын.
Қазақстанда венчурлық сала, кәсіпкерлік сала жақсы дамып кеткеннен кейін бүгінде инвесторлар көп. Ақша табу оңай. Компания ең бастапқы қадамын жасағанда (seed раунд) инвестор көбірек, ақша табу оңай. Бірақ ақшаны ғана емес, смарт инвесторды таңдау керек. Осы инвестор саған ақшадан бөлек қалай көмектесе алады? Оның кейсі бар ма, жоқ па? Осы салада саған көмектесе алатын жақсы мамандарды біле ме? Осы сұрақтарды қойған жөн.
Біздің аудиториямыз бар, маркетинг тілімен айтқанда трафик бар. Осы трафикпен бөлісіп, стартаптарға қалай көмектесе аламыз деген сұрақ туды. Ақшамен ғана емес қалай компания мүмкіндіктерін қолданып көмектесе аламыз?
– Қандай салаларға инвестиция саласыздар?
– Біз компанияға он есе, жүз есе өсуге көмектесе аламыз ба, жоқ па деп қараймыз. Бізді қызықтыратын салалар көп. Бірінші сала – мобильділік. Ride-Hailing саласында жұмыс істеп жатқандықтан төрт орындық көліктер адамдар тасиды. Әсіресе Оңтүстік-Шығыс Азияда екі дөңгелекті мопедтерді қолданады. Біз осы салаға шыққымыз келеді. Осы сервисті өзімізге қосқымыз келеді.
Қалалар арасында автобустар сервисін ұйымдастырсақ. Сол салада компания бізге қызық болады. Жеткізу саласында да. Қала арасында, қала ішінде, мемлекет арасында. Такси саласында ғана емес, жеткізу саласында да жұмыс істегіміз келеді. Финтех туралы көп ойландық. Компаниямыздағы финтех команда стартаптарға көп қарайды. Әлемде миллиондаған жүргізуші біздің платформада жұмыс істейді. Жұмыстан кейін немесе күні бойы адамдарды қалаған жерін жеткізеді. Жүргізушілер, әсересе, дамып жатқан мемлекеттерде ақшаға мұқтаж болған жағдайда, банктер оларға ақша бере алмайды. Өйткені олар өз-өзін жұмыспен қамтығандықтан олар туралы деректер базасында мәлімет аз. Сол себепті жүргізушілер банктен ақша ала алмайды. Отбасында біреу ауырып қалса немесе көлігі бұзылса оларға көмектесу керек. Олар да басқалар секілді қиын жағдайға тап болғанда банктен ақша ала алуы керек. Компания серіктес тауып, солар арқылы түрлі сомада несие ретінде ақша алуға болатын ыңғайлы сервис әзірлемек. Серіктестер платформамыздағы ақпаратты қолданады. Жүргізуші қанша ай жұмыс істеді, қанша рет сапар жасады, қанша ақша тапты деген ақпаратты платформамызды қоландып, оның табысын бағалап, кредит бере алады. Әрине, комиссия болады. Десе де несие алатын және оны қайтаратын ыңғайлы сервис қарастырдық. Сондай-ақ, жүргізушілердің ақша сақтайтын онлайн әмияны болса бір-біріне ақша жібере алар еді.
– Стартаптарды қандай критерий бойынша іріктейсіздер?
– Командаға қараймыз. АҚШ-тағы Калифорнияда орналасқан компаниядан гөр, Непалдағы Катманду қаласында орналасқан компанияның мүмкіндігі азырақ. Ал мүмкіндігі азырақ компанияларда күшті командалар пайда болады. Оған қоса Business Traction-ға, яғни стартаптың бизнес үлгісін қаншалық жүзеге асыра алғанын көрсететін тұжырымдамаға қараймыз. Компания ақша іздеп жүр ме, әлде ақша тауып жатыр ма соған мән береміз. Бір клиент келсе одан қанша ақша табатынына және оны әкелу үшін қанша ақша жұмсайтынына мән береміз.
– Қазақстанда болашағы зор стартаптар бар ма?
– 2011 жылы кәсіпкерлік жолымды бастағандықтан қазақстандық стартаптардың негізін қалаушыларды жақсы білемін. Бастапқыда көлігімді сатып, ақшамды жинап компания құрылтайшысы болдым. Он жыл бойы тамақ жеткізу, купон, жеңілдіктер, әуе билеттерін сату, финтех, мейрамхана, жеткізу саласында бірнеше бизнеске араластым. Командамда жұмыс істегендер кейін стартаптарын бастап кетті. Ол кезде стартап ортасы өте кішкентай еді. Қазір дамып, орта кеңейіп, қазақстандық стартаптар жақсы жетістіктерге жетіп жатыр.
Екі-үш стартапты мұқият қарадық. Қазақстанда үш-төрт айда үлкен инвестиция жасаймыз. Ақша Қазақстанда қалса, еліміздегі стартаптарға жұмсалса және олардың шетелге шығуына көмектессе қуанамын.
– Жас кәсіпкерлерге қандай кеңес бересіз?
– Әр адам алдына қойған мақсатына жете алады. Көп ойланбай, тез шешім қабылдау керек. Ойға келген істі бастап кетіңіз, себебі сіз ешқашан дайын болмайсыз. Біз стартап жобаларды бастағанда купон, саяхат бизнесі туралы ештеңе білмедік. Ештеңе білмесек те істеп, қателесіп, үйреніп, үш-төрт жылда сарапшы болып шықтық. Бір сәті туар деп жүрсеңіз де ешқашан дайын болмайсыз. Жай ғана бастап кетіңіз. Қолыңыздан келсе де, келмесе де әйтеуір қажет дүниені үйреніп шығасыз.
Сұқбатыңызға рақмет!