Қажымұқан Мұңайтпасұлының қанжары Ұлттық музейге табысталды

Балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлына тиесілі құнды жәдігер «Джамбия» қанжары  Ұлттық музей қорына табысталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қанжарды тауып, табыстаған Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров болды. Оның айтуынша, бұл құнды дүниені бір кісілерден сатып алған.

Еліміздің біртуар азаматы, өз заманында әлемге атой салған бабамыз, данамыз, дарамыз Қажымұқан Мұңайтпасұлы атамызға осыдан 111 жыл бұрын Стамбулдың хакімі Шағыр пашадан сыйланған қанжар елімізге келді. Бүгін тарихи оқиға. Оны бір кісіден сатып алдым. Бұл жәдігер жекелеген адамда тұрмау керек. Бұл елдікі, халықтікі, рухани мұрамыз. Кәсіпкер Кеңес Хамитұлы ақшасын төлеп, сатып алдық,- дейді депутат Ардақ Назаров. 

Қанжарды тарихшылар бір ай бойы зерттеген. Джамбия қанжары жүзінің екі жағында араб әріптерімен көне түрік-осман тілінде жазылған мәтіндер бар. Сол жағында «күшті, жеңілмейтін Мұңайтпасұлы Мұқанға», ал оң жағында «Бізден, қажылықтан естелік, Шағыр паша, 1330 жыл» деп көрсетілген.

Егер қанжардағы ойылған «1330» жылды Хижра жылы деп қабылдасақ, онда бұл қазіргі жыл санауымен 1912 жыл сәйкес келеді,- дейді депутат Ардақ Назаров.

Бұған дейін Түркияда өнер көрсеткенде Қажымұқан «Қара Мұстафа» деген лақап атпен шыққан. Түріктің ең атақты палуаны Нуруллахты (Нұрлы) жеңген Қажымұқанға тәнті болған Стамбұл қаласының хакімі Шағыр паша оны өзімен бірге Меккеге қажылыққа баруға шақырады. Осылайша Меккеге барып қайтқан балуан елге оралғанда Қажымұқан атанып кеткен.

Қанжардағы ойылып жазылған «Шағыр паша» осы Стамбул хакімі, және «қажы» деген сөз сол Меккеге барғанда, ол жерден алыс емес Йемен шеберлерінің бірінің жасаған қанжары болуы мүмкін. Сонымен қатар тарихи деректер бұл қанжардың Қажымұқанға сыйға тартылғандығын растайды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы